Көптеген жылдар бойы сіреспе миллиондаған адамның өмірін қиды. Сіреспе бұл жара инфекциясы, оның қоздырғышы спора түзетін таяқша. Қоздырғыш жүйке жүйесіне әсер етеді және қаңқа бұлшықеттеріне тән құрысулар тудырады. Оның қоздырғышы - «Clostridium tetani» таяқшасы вегетативті және споралы түрінде болады. Сіреспе қоздырғышының вегетативті түрі төзімсіз және тез өледі. Споралары химиялық және физикалық факторлардың әсеріне және қайнатқанда 30 минутқа дейін төзімді, сыртқы ортада, топырақта бірнеше жыл сақталуы мүмкін.
Адам сіреспені зақымдалған тері мен шырышты қабаттар арқылы жұқтырады, бұл инфекцияның кіру қақпасы болып табылады. Бұл патоген адам ағзасына енгенде конвульсиялық синдромды тудыратын қауіпті экзотоксин түзіп, орталық және перифериялық жүйке жүйесіне әсер етеді.
Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы 1 күннен бірнеше аптаға дейін, орташа алғанда жарақат алғаннан кейін 3 күннен 15 күнге дейінгі аралықта аурудың белгілері көрінеді.
Сіреспе әдетте ауыр формада өтеді және өлімге әкеледі.
Ауруды болдырмаудың ең тиімді әдісі - жоспарлы вакцинация, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша терінің және шырышты қабықтың бұзылуы бар әртүрлі жарақаттар алған адамдарға сіреспеге қарсы вакцина егу. Қазақстан Республикасында ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балаларды, жасөспірімдерді және ересектерді жоспарлы вакцинациялау үшін құрамында сіреспе компоненті бар аралас вакциналар пайдаланылады. Сонымен қатар, сіреспенің шұғыл алдын алу үшін әртүрлі жарақаттары бар адамдарға АДС-М вакцинасы және сіреспеге қарсы сарысу қолданылады.
Сіреспенің шұғыл алдын-алу көрсеткішін медициналық көмек көрсететін дәрігер анықтайды, оларға:
- жарақаттар;
- терінің және шырышты қабаттардың бұзылуымен жаралар;
- екінші, үшінші және төртінші дәрежелі күйіктер мен үсу;
- ауруханадан тыс жерде түсік жасау және босану;
- гангрена немесе тіндердің некрозы;
- жануарлардың тістеуі;
- асқазан-ішек жолдарына енетін жаралар;
- оқ тию кезіндегі жарақаттар мен сынықтар жатады.
Әлемде сіреспе жұқтырған науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер жоқ. Сіреспе ауруының алдын алу дифтерияға қарсы вакцинациямен қатар жүргізілетін вакцинация арқылы ғана мүмкін болады. Науқасты сіреспеден құтқару жарақат алған кезде дереу медициналық көмекке жүгінген кезде ғана мүмкін болады, бұл кезде жәбірленушіге көрсеткіштер бойынша сіреспеге қарсы сарысу және тиісті вакцина дереу енгізіледі.
Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын барлық вакциналар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (бұдан әрі - ДДҰ) мақұлдаған, қауіпсіз әрі тиімді.
Балаларына вакцинациядан бас тартатын ата-аналар оларды жұқпалы аурулармен соның ішінде сіреспе аурын жұқтыру қаупіне ұшыратады.
Ауруды емдегеннен гөрі алдын алған дұрыс!