Инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау

Инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау

Инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау - бұл медициналық мекемелерде де, күнделікті өмірде де аса өзекті әрі маңызды мәселе.

 

Инфекциялық аурулар - қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы басты қауіптердің бірі болып қала береді. Медицинадағы жетістіктерге қарамастан, инфекция жұқтыру жағдайлары емдеу мекемелерінде де, одан тыс жерлерде де тіркеліп отырады. Инфекцияның алдын алу шараларын тиімді жүргізу және инфекциялық бақылауды қатаң сақтау аурушаңдықты азайтып қана қоймай, қауіпті дерттердің өршуінің алдын алуға мүмкіндік береді.

 

Инфекциялық бақылау - бұл медициналық ұйымдарда, мекемелерде және тұрмыста инфекциялық агенттердің таралуын болдырмауға бағытталған кешенді шаралар жүйесі. Бұл жүйе мыналарды қамтиды: гигиеналық талаптарды сақтау, жеке қорғану құралдарын дұрыс пайдалану, құрал-саймандар мен беттердің тазалығы мен стерильдігін бақылау, науқастарды уақытылы анықтап, оқшаулау, медицина қызметкерлері мен халықты вакцинациялау.

 

Инфекциялардың алдын алудың негізгі шаралары

 

1. Қол гигиенасы.

 

Қол жуу - инфекциялардан қорғанудың қарапайым әрі өте тиімді тәсілі. Медициналық ұйымдар қызметкерлері үшін қолды гигиеналық өңдеудің үш тәсілі бар:

1) сабын мен суды пайдаланып, антисептиксіз жуу;

2) антисептик қолдану арқылы гигиеналық өңдеу;

3) хирургиялық қол антисептикасы.

 

2. Жеке қорғану құралдарын қолдану.

 

Маска, қолғап, халат және көзілдірік - инфекциялық агенттермен тікелей байланыстан қорғайды.

 

3. Стерилизация және дезинфекция.

 

Медициналық құралдар, беттер мен жабдықтар міндетті түрде өңдеуден өтуі тиіс. Бұл әсіресе ота жасалатын бөлмелерде, стоматологиялық клиникаларда және зертханаларда өте маңызды.

 

4. Науқастарды оқшаулау.

 

Инфекциялық ауруға күдігі бар немесе расталған науқастар арнайы бөлмелерге оқшаулануы керек. Мұнда сақтық шаралары қатаң сақталуы тиіс.

 

5. Вакцинация.

 

Инфекцияның алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі. Медициналық қызметкерлерді, балаларды және ересектерді вакцинациялау инфекциялардың таралу қаупін төмендетеді.

 

Инфекциялық бақылау тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, әрбір адамның да жауапкершілігі. Қарапайым гигиена ережелерін сақтау, вакцинацияға саналы көзқарас, өздігінен емделуден бас тарту - мұның бәрі жалпы эпидемиологиялық жағдайға тікелей әсер етеді.

 

Инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау - бұл денсаулық сақтау жүйесінің ажырамас бөлігі. Бұл шараларды жүзеге асыру үшін тәртіп, үздіксіз оқыту және қоғамның барлық буынының бірлескен әрекеті қажет. Тек осы жолмен ғана ескі және жаңа инфекциялық қауіптерге тиімді қарсы тұра аламыз.