Шырын мен шырын өнімдерінің таңбалауы нені білдіреді

Шырын мен шырын өнімдерінің таңбалауы нені білдіреді

Дәрігерлердің ұсыныстарына сәйкес күніне кемінде екі литр сұйықтық ішу керек. Ең пайдалы сусын – бұл су болып табылады, бірақ жаздың ыстық күндері сүйікті жемістерден, жидектерден немесе көкөністерден жасалған салқындатылған, сергітетін, дәмді сусын – шырын ішкіміз келеді.
Өкінішке орай, дүкен сөрелерінде талаптарға сәйкес келмейтін тауарларды жиі кездестіруге болады, оның ішінде шырын өнімдері де кездеседі. Осыған байланысты тұтынушыларға шырын өнімдерін сатып алу кезінде қаптаманың сыртқы түрі мен тұтастығына ғана емес, сонымен қатар өнім туралы ақпараттың болуына назар аударуды ұсынамыз.
«Жемістер мен көкөністерден жасалған шырын өнімдеріне арналған техникалық регламентіне» (КО ТР 023/2011) сәйкес, жемістер мен көкөністерден жасалған шырын өнімдері бұл – жеміс және көкөніс шырындары, балшырындар, құрамында шырыны бар сусындар, морстар, пюрелер, қойылтылған табиғи хош иістендіргіш жеміс немесе көкөніс заттары, цитрус жемістерінің жасушалары, жеміс және (немесе) көкөніс жұмсағы.
Бұл техникалық регламентте шырын өнімдерінің таңбалауына арналған бөлім ауқымды болып келеді. Таңбалау анық, шынайы, тұтынушыларды жаңылыстырмауы керек және міндетті түрде мемлекеттік және орыс тілдерінде болуы тиіс.
Шырын өнімдерін таңбалауда келесі ақпарат көрсетілуі тиіс екенін ескеріңіз: шырын өнімінің атауы; дайындаушының атауы мен орналасқан жері; мөлшері (салмағы, көлемі); құрамына кіретін компоненттері көрсетілген өнімнің құрамы; тағамдық және энергетикалық құндылығы; өнімнің дайындалған күні мен жарамдылық мерзімі; сақтау шарттары, сондай-ақ қаптаманы ашқаннан кейінгі сақтау шарттары туралы ұсынымдар; ЕАС белгісі; ГМО болуы туралы мәліметтер.
Шырындардың атауында өндіру кезінде пайдаланылған жемістер мен көкөністердің атаулары немесе осы атаулардан шыққан сөздер міндетті түрде енгізілуі тиіс. Мысалы, «апельсин шырыны», «асқабақ нектары».
Егер сусын өндірісінде жемістер мен көкөністердің екі немесе одан да көп түрлері қолданылса, бұл ақпарат атауында да көрсетілуі керек. Сонымен қатар, тұтынушы үшін қаптамада қандай шырын екені көрсетілуі керек – «тікелей сығылған» немесе «қалпына келтірілген».
Сондай-ақ, егер шырынға қант, қанттар, олардың ерітінділері немесе сироптары қосылса, шырынның атауында міндетті түрде «қант қосылған» немесе «қантпен» деген жазу көрсетіледі.
Егер шырынның құрамына тағамдық және биологиялық белсенді компоненттер кіретін болса, «байытылған» деген сөз болуы тиіс. Бұл жағдайда міндетті түрде барлық компоненттер көрсетіледі. Тәттілендіргіштер, дәмдеуіштер, тұз және бал қосылса да – тиісті ақпарат көрсетілуі қажет.
Шырындардың, балшырындар мен морстардың қаптамасында шырынның немесе пюренің ең аз көлемдік үлесі туралы ақпарат болуы тиіс. «Жұмсағымен» деген жазу шырындар мен балшырындардың құрамында жемістердің (көкөністердің) жұмсағының мөлшері 8%-дан асса ғана немесе өнімде цитрус жемістерінің жасушалары болса ғана енгізіледі.
Егер аскорбин қышқылы антиоксидант ретінде пайдаланылса, «С витамині бар» деген жазуды, сондай-ақ өнімді өндіру кезінде пайдаланылмаған жемістер мен көкөністердің графикалық бейнелерін қаптамаға енгізуге тыйым салынады.
Балалар тағамдарын, соның ішінде балалар шырындарын өндіруге қатаң талаптар қойылатыны баршамызға мәлім. Балалар өнімінде «балалар тағамы үшін» деген жазу немесе балаларға арналғаны туралы сөз болуы тиіс. Міндетті түрде бұл өнім балалардың қандай жас санатына арналғаны көрсетіледі. Егер өнім бір жасқа дейінгі балаларға арналған болса, онда осы өнімді рационға енгізу ұсынылған баланың айы (бірақ төрт айдан кем емес), оны тұтыну, қаптаманы ашқаннан кейін сақтау шарттары мен мерзімдері туралы ұсыныстар көрсетіледі.
Балалар тағамы үшін шырын өнімдерін өндіру кезінде құрамында ГМО бар жемістерді немесе көкөністерді, сондай-ақ компоненттер мен тағамдық қоспаларды; қойылтылған диффузиялық шырынды; тәттілендіргіштерді (қант диабетімен ауыратын балаларға арналған жемістерден және (немесе) көкөністерден жасалған арнайы шырын өнімдерін қоспағанда); хош иістендіргіштерді (табиғидан басқа) және басқа да компоненттер мен тағамдық қоспаларды қосуға рұқсат етілмейді. Жеміс шырындарына қант қосуға болмайды.
Қорытындылай келе айтқымыз келгені, егер тұтынушы шырын өнімдерінің таңбалануымен егжей-тегжейлі танысып, өнім туралы максималды ақпарат алса, дұрыс таңдау жасай алатын болады.
Өз және жақындарыңыздың денсаулығын қорғаңыз!