
Көктемгі мерекеде қауіпсіз тамақтануға қойылатын талаптар
Алдымызда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы.
Бұл кезеңде әр шаңырақта ақ дастарқан жайылып, ұлттық тағамдар молынан әзірленеді. Әсіресе көпшілікке таратылатын Наурыз көже көлемді мөлшерде дайындалады. Осындай уақытта тағам қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аудару қажет.
Көктем мезгілінде ауа температурасының тұрақсыздығы тағам өнімдерінің тез бұзылуына әсер етеді. Сондықтан мерекелік дастарқанға арналған барлық өнімдер жарамдылық мерзімі шегінде пайдаланылып, тиісті температуралық режимде сақталуы тиіс. Шикі және дайын тағамдардың араласуына жол берілмейді, ал ет өнімдері толық термиялық өңдеуден өтуі қажет.
Наурыз көже – құрамы бірнеше ингредиенттен тұратын тағам.
Ет, дәнді дақылдар, сүт өнімдері және басқа қоспалар сапалы әрі қауіпсіз болуы шарт. Дайын тағамды бөлме температурасында ұзақ уақыт сақтау микробиологиялық қауіп тудырады. Көпшілікке тарату кезінде ыдыстардың тазалығы, қол гигиенасы және сақтау мерзімі қатаң сақталуы тиіс.
Мерекелік іс-шаралар барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау – тағамнан уланудың алдын алудың және халық денсаулығын қорғаудың маңызды кепілі.
Ұлттық дәстүрді дәріптей отырып, қауіпсіздік мәдениетін де ұмытпайық.