Ақтөбе облысы республика бойынша ірі өнеркәсіп аймақтарының бірі болып саналады. Осыған байланысты еңбекке қабілетті жастағы адамдар арасында кәсіби аурушаңдылықтың туындауының үлкен қауіпі бар.
Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс жасайтын жұмысшылардың арасында кәсіби аурушаңдылықтың бастапқы белгілерін ерте анықтау үшін медициналық тексерулердің толықтығы мен сапасы, сондай-ақ облыстағы медициналық ұйымдардың кәсіби патологтарының кәсіби деңгейі үлкен рөл атқарады.
Өндіріс үрдістерін тиісті деңгейде механикаландырмау, ауыр физикалық еңбек, газдану, шаңдану, қолайсыз микроклимат, жұмыс орындарындағы жоғары шу деңгейі, жоғары еңбек өтілі мен жұмысшыларда әртүрлі аурулар (жалпы соматикалық аурулар) түрлерінің болуы кәсіптік аурулардың жоғарылауына әкеледі.
Кәсіби аурулар басқа негізгі ауру түрлеріне қарағанда аз кездесетініне қарамастан олардың әлеуметтік маңызы өте зор, себебі олар еңбек жасындағы адамдардың айтарлықтай санын ауруға шалдықтырады, көбінесе ауыр өтіп, еңбек қабілетінің жоғалуына себеп болады.
Кәсіби аурулар көп жағдайда кәсіби аурудың кеш сатысында, яғни ауруы асқынған кезде науқас өзі қаралғанда немес жұмысқа деген қабілеті шектелгенде ғана анықталады.
Кәсіби аурудың дамуына басты себептері болып табылады, олар: адам ағзасына апат нәтижесінде зиянды факторлардың қысқа немес ұзақ уақыт бойы әсер етуі, технологиялық үрдістің бұзылуы, жеке қорғаныш құралдарын дұрыс пайдаланбау немесе мүлде қолданбау және т.б.
Ақтөбе облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өндірістік кәсіпорындардың жұмысшылары арасында медициналық тексеру сапасын арттыру және кәсіби аурулардың алдын алу мақсатында жұмыс берушілермен және медициналық ұйымдардың кәсіби патологтарымен тұрақты түрде санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізеді.
Ақтөбе облысының өнеркәсіптік кәсіпорындарының жұмысшылары арасында медициналық тексеру сапасын арттыру және кәсіби аурулардың алдын алу мақсатында 2023 жылдың 3 ақпанында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің базасында Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасынң Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас кәсіби патологы, медициналық ғылым докторы, профессор А.У.Аманбекованың, неврология, психиатрия және реабилитация кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы М.Б.Отарбаеваның, Қоғамдық денсаулық және еңбек гигиенасы институтының бас ғылыми қызметкері, медицина ғылымдарының докторы Е.Ж.Отаровтың және Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің штаттан тыс бас кәсіби патологы, кәсіптік аурулар гигиеналық пәндер кафедрасының ассистенті У.А.Сатыбалдиеваның қатысуымен кезеңдік медициналық тексерулермен айналысатын облыстың емдеу-профилактикалық ұйымдарының кәсіптік патологтары үшін семинар-кеңес ұйымдастырылып, өткізілді.
Семинар-кеңес барысында кәсіби ауруларды ерте анықтау және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін өндірістік кәсіпорындардың жұмысшыларын сапалы медициналық тексеруден өткізу мәселелері қаралды. Сонымен бірге, медициналық тексеру кезінде анықталған науқастарды медициналық тексеру мен медициналық оңалтуын қадағалау және күрделі сараптамалық мәселелерді шешу үшін облыстық кәсіптік патология кабинетін ашу мәселесі де көтерілді.
Семинар-кеңестің қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасына облыстық кәсіптік патология кабинетін ашу туралы шешім қабылдау туралы хат жолдады.
Департамент және басқарманың бірлескен жұмысынан кейін М.Оспанов атындағы БҚММУ жанұялық медицина клиникасының базасында облыстық медициналық еңбек кабинеті ашылды.
Бұл кабинет медициналық бақылау кезінде анықталған науқастарды диспансеризациялау, медициналық оңалту және күрделі сараптамалық мәселелерді шешу сұрақтарын реттейтін болады.
2022 жылы Ақтөбе облысы бойынша 2 кәсіби аурушаңдылық тіркелді, 2023 жылдың ағымдағы кезеңі бойынша аурушаңдылық тіркелген жоқ.
Кәсіби аурулардың алдын алу мақсатында Департамент мыналарды ұсынады:
Еңбек және жұмыскерлер қауіпсіздігі – мықты өндірістің кепілі.