Сынап төгілгенде халықтың әрекеті

Сынап төгілгенде халықтың әрекеті

Сынап - сұйық, оңай қозғалатын, күмістей ақ металл, тіпті бөлме температурасында айтарлықтай ұшқыш. Жалғыз сұйық металл. Сынап буы ауадан жеті есе ауыр, нәтижесінде жер бетінің төмен аймақтарында, жертөлелерде, туннельдерде жиналады. Сынап радиоактивті элемент емес.              

 

Зақымдану белгілері: Ингаляция арқылы, теріге және көзге тигенде зиянды. Шырышты қабықтың тітіркенуін, түшкіруді, тұншығуды, жүрек айнуын, құсуды, өңеш бойында ауырсынуды, ауызда металл дәмін, сілекей ағуды тудырады. Бас ауруы, бас айналу, әлсіздік, естен тану, аяқ-қолдардың қалтырауы, жүрістің тұрақсыздығы, сананың шатасуы, сөйлеудің бұзылуы пайда болады.               Әрбір екінші үйде құрамында сынабы бар кәдімгі термометр бар.

 

Термометрді сындырып алсаңыз не істеу керек, өзіңізді және отбасыңызды қалай қорғауға болады:

  • сынапты жинамастан бұрын резеңке қолғап киіңіз, сынап терімен жанаспауы қажет;
  • қызуөлшегіштің сынған бөліктері мен сынапты мұқият жинап, ішінде суы бар әйнек банкіге салып, қақпақпен жауып қою керек;
  • сынаптың ұсақ тамшыларын шприцпен, резеңке грушамен, жабысқақ пластырмен, скотчпен жинауға болады;
  • банкідегі сынапты жоюмен айналысатын арнайыландырылған мекемеге тапсыру керек;
  • терезені ашып, бөлмені желдету қажет;
  • сынап төгілген орынды 0,2 % марганец ерітіндісімен немесе сабынды-сода ерітіндісімен (30 гр сода, 1 л суға 40 гр ұнтақталған сабын) өңдеу керек;
  • осы аталған шараларды орындағаннан кейін уланудың алдын-алу мақсатында көп сұйықтық қабылдап, пайдалы балғын жемістер жеу керек;

Нені жасауға болмайды?

  • сынған қызуөлшегішті қоқысқа тастауға болмайды. Буланған 2 гр сынап алты мың текше метр ауаны ластайды.
  • сынапты сыпырғышпен жинауға болмайды, сыпырғыштың қатты шыбықтары сынапты ұсақ бөлшектерге бөліп, сынап щаңы түзілуі мүмкін.
  • сынапты шаңсорғыштың көмегімен жинауға болмайды, шаңсорғыштың үрлеуіші арқылы ауа сынаптың булануын жеңілдетеді. Шаңсорғышты пайдаланған жағдайда тазалау жұмыстарынан кейін оны лақтырып тастауыңызға тура келеді.
  • сынапты мұқият тазаламай тұрып терезені ашып, өтпе жел (сквозняк) болдыруға болмайды, өйткені сынап барлық бөлмелерге тарап, ластауы мүмкін.
  • сынаппен қатынаста болған киімдер мен аяқ киімді кір жуғыш машинада жууға болмайды. Мүмкіншілігінше ластанған киімдерді лақтырып тастаған жөн.
  • сынапты кәрізге ағызуға болмайды, сынаптың кәріз құбырларында тұнатын қасиеті бар. Өйткені кәріз құбырларынан сынапты тазалау өте қиын.

Құрамында сынабы бар заттарды қолданар кезде, қатаң түрде нұсқаулықты қолданыңыздар және сақ болыңыздар!