Балалар мен жасөспірімдер арасында темір тапшылығы анемиясының алдын алу

Балалар мен жасөспірімдер арасында темір тапшылығы  анемиясының алдын алу

Балалар және жасөспірімдердегі  темір тапшылығы анемиясы - бұл қабылдау, игеру және жұмсау процестерінің теңгерімсіздігіне байланысты организмдегі темір жетіспеушілігімен дамитын клиникалық- зертханалық синдром.

         Ақтөбе облысы бойынша 2022 жылы темір тапшылығы анемиясы (бұдан әрі - ТТА) 734 жасөспірімде анықталды (2021 жылы - 711), яғни 15-тен 17 жас аралығында. Жасөспірімдер арасында ТТА аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда – 1834,2 (2021 жылы – 2133,8) құрады. Жасөспірімдер арасында ТТА аурушаңдығының облыстық көрсеткішінен жоғары болған: Әйтекеби (2022ж. -3269,2), Байғанин (2022ж. -3098,7), Мұғалжар (2022ж. -2034,4), Темір (2022ж.-4760,5), Ойыл (2022ж.- 2694,4), Қобда (2022ж. -2836,8), Шалқар аудандарында (2022ж. – 4145,0).

         0 - ден 14 жасқа дейінгі балалар арасында 7320 бала тіркелген (2021 жылы – 6850), осы балалар топтарының ТТА аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 2529,7 құрады (2021 жылы – 2623,3). Балалар арасында ТТА аурушаңдығының облыстық көрсеткішінен жоғары болған Әйтеке би (2022 ж. – 3743,0), Ырғыз (2022 ж. – 3141,3), Қарғалы (2022 ж. – 4939,6), Темір (2022 ж. – 3456,6), Ойыл (2022ж. – 3698,6), Қода (2022ж. -3113,4), Хромтау (2022ж. – 2911,8) және Шалқар аудандарында (2022ж. – 5977,6).

         Балалар мен жасөспірімдерде ТТА пайда болу себептері: дұрыс тамақтанбау, темір тапшылығы, қанның көптеп жоғалуы (жарақат салдарынан), өсудің жедел қарқыны және оның жоғалуы аясында темірге деген қажеттіліктің жоғарылауы, қозғалыссыз күйде ұзақ болу, таза ауада сирек серуендеу, темірдің жеткілікті мөлшерін сіңіру үшін қажетті дәрумендердің, ең алдымен В12 және С тапшылығы болып табылады.

Темір тапшылығының салдары өте жағымсыз, ағзада темір жетіспеген кезде жасушалардың оттегімен қамтамасыз етілуі бұзылады, иммунитет төмендейді, нәтижесінде жұқпалы аурулармен ауыру қаупі өседі. Балалардың өсуі мен ақыл-ой дамуы тоқтап, шаршағыштығы жоғарылап, оқу үлгерімі нашарлайды, үлкен балалар мен  ересектер үнемі шаршайтынына шағымданады, тіндер мен мүшелерде жағымсыз өзгерістер болады.

Анемияның алдын алу мақсатында, жылына бір рет гемоглобин және эритроцит құрамына қан тапсырып тұру қажет. Кез келген жастағы адамның дұрыс тамақтануына көңіл бөлуі аса маңызды. Құрамында темірі бар тағам өнімдерін (ет, бауыр, ірімшік, сүзбе, қарақұмық және бидай жармасы, бидай кебегі, жұмыртқа сарыуызы, кептірілген өрік,  қара өрік, итмұрын) тұтыну керек.

Егер адамда темір тапшылығы анемиясымен байланысты денсаулығында ауытқулар болса, рационнан қара шай, газдалған сусындар, қайнатылмаған сиыр сүті секілді өнімдерді толық алып тастау керек, өйткені олар ағзаның темірді сіңіру қабілетін күрт төмендетеді. Бірақ, аскорбин қышқылы, сол сияқты барлық органикалық қышқылдар темірдің сіңіуін едәуір жоғарылатады.