Еліміздің болашақ ұрпағының дені сау, үйлесімді дамыған және ақылды болуы керек. Отбасында, мектепте толыққанды тамақтану балалардың дамуында үлкен рөл атқарады.
Теңестірілген және витаминдермен байытылған тағам өнімдерін пайдалану қан жасушалараның түзілуін, көруді, терінің қалыпты күйін сақтауда өте маңызды фактор болып саналады.
Ақтөбе облысының білім басқармасының ақпаратына сәйкес облыста барлығы 391 жалпы білім беру мектептерінің ішінде 367–де немесе 94,1% ыстық тамақ беру ұйымдастырылған. Ыстық тамақпен қамтылған оқушылар саны – 162240, оның ішінде - 15495 (9,5%) оқушы аз қамтылған отбасынан шыққан балалар. Сонымен қатар, демеушілер есебінен тегін тамақтандырумен 313 оқушыға тегін ыстық тамақ беріледі (Қарғалы, Хромтау және Қобда ауданында).
Облыстық білім басқармасымен оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып 2 апталық бірыңғай ас мәзірі бекітіліп, білім беру мектептеріне енгізу үшін жолданған.
Қазіргі уақытта мектеп жасындағы балалардың дұрыс тамақтанбау мәселесі жиі көтеріледі. Фаст-фуд, құрғақ тағамдар, сондай-ақ ыстық, теңестірілген тағамдардың болмауы әртүрлі аурулардың дамуына әкеледі.
Дұрыс тамақтанбаудың бірнеше негізгі белгілері бар:
* тамақта көп мөлшерде тұз, қант, түрлі тағамдық қоспалар мен зиянды майларды қолдану;
* асығыс тамақтану,теледидар, компьютер қарағанда, кітап оқыған кезде құрғақ тағамдарды пайдалану;
* дәрумендерге бай пайдалы тағамның жетіспеушілігі немесе болмауы.
Күн сайын мектептің тамақ ішетін залында мектеп басшысымен бекіткен мәзір ілінеді, онда тағамдардың атауы, әр дайын тағамның шығымы көрсетіледі. Мәзірде бірдей тағамдарды немесе аспаздық өнімдерді бір күнде және келесі екі-үш күнтізбелік күнде қайталауға жол берілмейді.
Күн сайын тамақтану рационына ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қара бидай және (немесе) бидай наны, көкөністер және қант енгізіледі. Балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе, құс еті екі-жеті күнтізбелік күнде бір рет енгізіледі.
Таңғы ас тағамнан (бірінші немесе екінші) және сусыннан (компот, кисель, шай және шырындар) тұрады. Жұмыртқаны, шырындарды, жемістерді, сары маймен немесе ірімшікпен бутербродтарды таңғы асқа енгізуге немесе жеке қабылдауға жол беріледі.
Түскі асқа салат, бірінші, екінші тағам (негізгі тағам еттен, балықтан немесе гарнирі бар құс еті) және үшінші (компот, кисель, шай және шырындар) кіреді. Пісірілген және жас көкөністерден оңай жасалатын салаттар дайындалады.
Бесін аста мәзірге тоқашпен және кремі жоқ кондитерлік өнімдермен бірге сусын (сүт, қышқыл сүт өнімдері, кисель, шырындар) енгізіледі.
Кешкі ас көкөніс (сүзбе) тағамынан немесе ботқадан, негізгі екінші тағамнан (ет, балық немесе гарнирі бар құс еті), сусыннан (шай, шырын, кисель) тұрады.
Қосымша екінші кешкі ас ретінде жемістер немесе қышқыл сүт өнімдері, тоқаш немесе кремі жоқ кондитерлік өнімдер енгізіледі.
Тәрбиелеу және білім беру объектілерінің қоғамдық тамақтану ұйымдарында келесідей өнімдерді дайындауға және өткізуге жол берілмейді:
* кремі бар кондитерлік өнімдер;
* тұтыну қаптамасындағы кондитерлік өнімдер мен тәттілер (шоколад, кәмпит, печенье);
* морстар, квастар;
* фритюрде қуырылған өнімдер;
* шала пісірілген жұмыртқа, қуырылған жұмыртқа;
* күрделі (4 компоненттен артық) салаттар; қаймақ пен майонез қосылған салаттар;
* окрошка;
* саңырауқұлақтар;
* өнеркәсіпте дайындалмаған (үйде дайындалған) тамақ өнімдері;
* газдалған, емдік және емдік-асханалық минералдық су, тәтті алкогольсіз сусындар, алкогольсіз энергетикалық (сергітетін) сусындар;
* фаст-фудтар: гамбургерлер, ход-догтар, чипсілер, кептірілген нан, қытырлақ нан;
* ащы тұздықтар, кетчуптар, ащы дәмдеуіштер (бұрыш, ақшелкек, қыша).
Осылайша, тамақтану жас ұрпақтың денсаулығын анықтайтын маңызды факторлардың бірі болып табылады.
Салауатты тамақтануды насихаттау маңызды, өйткені балалық шақтан қалыптасқан тамақтану әдеті адам қартайғанға дейін сақталады.