
Жыл сайын 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған туберкулездің алдын алу айлығы аталып өтеді. Айлық барысында аталған дерттің алдын алу шаралары бойынша тұрғындармен қарқынды жұмыстар жүргізілетін болады. Ұйымдастырылған топтарда (мектепке дейінгі, білім беру ұйымдарында жоғары және орта оқу орындарында және т.б.), сондай-ақ қоғамдық орындарда тұрғындарды туберкулездің алдын алуға бағытталған ақпараттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Айлықтың басты мақсаты – тұрғындарды туберкулездің алғашқы белгілері туралы хабардар ете отырып, олардың денсаулықтарына жауапкершілікпен қарап жыл сайынғы профилактикалық тексеруден өтуге шақырамыз. Айлық аясында облыстың әр ауданында фтизиатрлардың кеңесі мен тұрғындарды флюорографиялық тексеруден өткізу жоспарланады.
Алдын алу шараларының мақсаты – аурудың таралуын болдырмау және дені сау адамдардың ауру жұқтыруының алдын алу.
2025 жылы Ақтөбе облысында туберкулез аурушаңдығының көрсеткіші 2024 жылмен салыстырған 16,2%-ға төмендеген.
Туберкулез – ол инфекциялық ауру. Инфекция көзі науқас адам болып табылады. Сонымен қатар, туберкулез ауруына шалдыққан малға күтім көрсету кезінде де адамға жұғуы мүмкін. Көбінесе инфекция ауру адаммен жанасу болған кезде одан сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде бөлінетін туберкулез бактерияларының ауа тамшылары арқылы сау адамға жұғу арқылы тарайды.
Туберкулез ауруы жөтел, жалпы әлсіздік, тершеңдік, салмақ тастау, тез шаршау, кеуде қуысындағы ауырсыну, дене қызуының көтерілуі сияқты шағымдардан басталады.
Туберкулездің алдын алу шаралары:
Туберкулездің алдын алу, туберкулезге қарсы иммунитеттің дамуын қалыптастыру үшін жаңа туған дені сау нәрестелерге перинаталдық орталықтың (босандыру бөлімшесінің) егу кабинетінде БЦЖ екпесімен вакцинацияланады.
Халық арасында туберкулезді ерте анықтау үшін медицина қызметкерінің жолдамасымен тұрғындар жыл сайын флюорографиялық қарап-тексерулерден (15 жастан жоғары) өтулері тиіс. Балалар арасында туберкулезді ерте анықтау үшін туберкулиндік Манту сынамасы қолданылады.
Сонымен қатар, індеттің алдын алуда уақытылы тамақтану (ет, сүт өнімдері, балық, дән тағамдары, көкөністер мен жидектерді асқа жеткілікті мөлшерде пайдалану), салауатты өмір салтын ұстану, дене шынықтыру белсенділігін арттыру, уақытында тынығу, темекі, ішімдік, жеке бас гигиенасын сақтау өте маңызды болып табылады.
Ең маңыздысы өз денсаулығыңызға ұқыпты болып жоғарыда көрсетілген аурудың белгілері анықталған жағдайда ауруды асқындырмай дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет. Туберкулез диагнозы нақтыланған жағдайда дәрігердің ұсыныстарын сақтау, медициналық қызметкердің бақылауымен үзіліссіз ем қабылдау дертті толықтай емдеуге көмектеседі.