2025 жылғы 17 шілде күні Ақтөбе қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлері арасында әдеп нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби міндеттері бойынша түсіндіру семинары ұйымдастырылып, өткізілді.
Іс-шараны департамент басшысының орынбасарлары Кенжебаев А.Б. мен әдеп жөніндегі уәкіл Аяғанова И.А. жүргізді. Олар қатысушыларға «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі негізінде мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлқы туралы толыққанды ақпарат берді.
Семинар барысында мемлекеттік қызметшілердің адалдық, әділдік, ашықтық пен жауапкершілік сияқты негізгі қағидаттарды басшылыққа алуы – қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтудың басты тетігі екені ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, мүдделер қақтығысын болдырмау және этикалық нормаларды сақтау бойынша нақты мысалдар келтіріліп, практикалық кеңестер берілді.
Әдеп уәкілі Аяғанова И.А. қатысушылармен кері байланыс орнатып, жиі кездесетін құқықбұзушылықтар мен оларды болдырмау жолдарын түсіндірді. Қызметтік әдеп кодексінің талаптарын бұзған жағдайларда қандай жауапкершілік қарастырылатыны да сөз болды.
Семинар соңында қатысушылар қойылған сұрақтарға толық жауап алып, бұл шараның қызметтік міндеттерін сапалы атқаруда маңызды екендігін атап өтті.
Мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызмет сапасын арттырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.