Балалар сауықтыру ұйымдарындағы тұру жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

Балалар сауықтыру ұйымдарындағы тұру жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
«Санэпидбақылаудан балалар лагерьлері туралы бәрі» айдарында балалардың сауықтыру ұйымдарында қауіпсіз әрі жайлы жағдайда болуы үшін қойылатын санитариялық нормалар туралы әңгімелеуді жалғастырамыз.
Бүгін — тұру жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар жайлы.
Балалар лагерьлерінде барлық жиһаз бен жабдықтар (ойын және спорт құралдары, медициналық және ас үйге арналған жабдықтар) қауіпсіз, балалардың жас ерекшеліктеріне сай болуы және жарамды күйде болуы тиіс. Егер жабдық сынған немесе тозған болса — ол міндетті түрде жөндеуден өтуі немесе ауыстырылуы керек.
Ұлдар мен қыздарға арналған жатын бөлмелер міндетті түрде бөлек болуы тиіс. Бөлмелерге бір немесе екі қабатты кереуеттер, тумбалар мен киімге арналған шкафтар қойылады. Мұндай жағдайлар санаторийлерде де қамтамасыз етіледі.
Маңызды: барлық тұрғын және жатын бөлмелер тек жер үстіндегі қабаттарда орналасуы тиіс. Бұл санитариялық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Балаларды шомылдыру аптасына кемінде бір рет жүргізіледі. Әр балаға кемінде екі жиынтық төсек жаймалары беріледі. Олар ластануына қарай, бірақ жеті күнде бір реттен сиретпей, сондай-ақ баланың лагерьден кеткенінен кейін ауыстырылуы тиіс.
Ауырған балалардың төсек жаймалары жуылар алдында дезинфекцияланады, ал төсек жабдықтары (матрастар, жастықтар, көрпелер) жылына кемінде бір рет зарарсыздандырылады — дезинфекциялық камераларда немесе арнайы құралдармен.
Лагерьлерде қолданылатын ыдыс-аяқ, тоқыма бұйымдары, жиһаз, ойыншықтар, косметика, жеке гигиена заттары мен тұрмыстық химия заттары қатаң бақылауда болуы тиіс. Олар арнайы таңбалауға, ілеспе құжаттарға және қауіпсіздік талаптарына сәйкестікті растайтын құжаттарға — декларациялар, сертификаттар, тіркеу куәліктеріне ие болуы керек.
Әрбір ата-ана баласының жайлы әрі қауіпсіз жағдайда екеніне сенімді болғысы келеді.
«Санэпидбақылаудан балалар лагерьлері туралы бәрі» айдарындағы жарияланымдарымызды бақылап отырыңыз — біз ең маңызды мәліметтерді қарапайым, түсінікті әрі сенімді түрде жеткіземіз!