Облыста жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты күйінде қалып отыр. Бұл туралы Ақмола облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алин брифинг барысында хабарлады.

Облыста жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты күйінде қалып отыр. Бұл туралы Ақмола облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алин брифинг барысында хабарлады.
2025 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында облыста қызылшаның зертханалық түрде расталған 187 жағдайы тіркелді — бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 76%-ға төмен (782 жағдай). Ауырғандардың негізгі бөлігін (78%) 14 жасқа дейінгі балалар құрайды, әсіресе бір жасқа дейінгі нәрестелер мен бір жастағы балалар осал топқа жатады.
Ғалымбек Алиннің айтуынша, сырқаттанғандардың көпшілігі — ұйымдастырылмаған балалар, яғни балабақшаға немесе мектепке бармайтындар. Алайда ауру жағдайлары оқушылар, студенттер, медицина қызметкерлері мен еңбекке жарамды халық арасында да тіркелген. Ауырған балалардың басым көпшілігі (97%) қызылшаға қарсы егілмеген. Негізгі себептер – ата-аналардың жеке сенімі, вакцинациядан бас тартуы және медициналық қарсы көрсетілімдердің болуы.
Өңірде көкжөтел жағдайлары да тіркелді: бес бала ауырып қалды, олардың басым бөлігі де ұйымдастырылмаған. Бес жағдайдың төртеуінде балалар мүлдем егілмеген.
Аймақта тек төрт түрлі екпе бойынша профилактикалық вакцинациямен қамту деңгейі оңтайлы деңгейде сақталып отыр. Алайда қызылшаға, полиомиелитке, пневмококк инфекциясына және АКДС-ке қарсы егу бойынша бірқатар маңызды бағыттарда қамту деңгейі ұсынылған нормативтерден төмен болып қалуда.
Адам папилломасы вирусына қарсы 2025 жылдың басынан бері 11 жастағы қыздардың небәрі 11,4%-ы ғана егілген, әсіресе шалғай аудандарда қамту деңгейі өте төмен.
Жаңа туған нәрестелерге перзентханаларда жасалатын екпелерге келсек, туберкулезге қарсы (БЦЖ) және В гепатитіне қарсы вакцинациямен қамту орта есеппен 90%-дан жоғары. Алайда кейбір аудандар мен қалаларда бұл көрсеткіштер әлі де нормативтік деңгейге жетпей отыр.
Ғалымбек Алин қызылша бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуі жағымды динамика болғанымен, иммундау деңгейінің төмендігі әлі де айтарлықтай қауіп төндіріп тұрғанын атап өтті. Ол ата-аналарды вакцинациядан бас тартпауға шақырып, екпенің қауіпті инфекциялардың алдын алудағы ең тиімді шара екенін еске салды.