Санэпидбақылау бөлімінен «Балалар лагерьлері туралы бәрі» айдарын жалғастырамыз.

Санэпидбақылау бөлімінен «Балалар лагерьлері туралы бәрі» айдарын жалғастырамыз.
Бүгін балалардың сауықтыру лагерьлерінде демалыс тек көңілді ғана емес, сонымен қатар денсаулыққа қауіпсіз болуы үшін қандай санитариялық жағдайлар қамтамасыз етілуі тиіс екені жөнінде айтып береміз.
Әрбір лагерь сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі қажет — бұл орталықтандырылған көздерден немесе бөтелкедегі су болуы мүмкін. Бастысы — қаптамада арнайы таңбалау болуы және оның қауіпсіздігін растайтын құжаттармен бірге жүруі тиіс. Ішуге арналған су кулерлер мен бір реттік ыдыстар арқылы беріледі. Балалардың тәулік бойы суға еркін қолжетімділігі қамтамасыз етілуі керек.
Орталықтандырылған сумен жабдықтау болмаған жағдайда автономды жүйелер мен құймалы қолжуғыштар пайдаланылады. Ыстық суды беру үшін су жылытқыштар қолданылады — ол душ бөлмелеріне, қолжуғыштарға, санитариялық тораптарға және ас блогына келіп тұруы тиіс.
Егер лагерьде орталықтандырылған кәріз жүйесі болмаса, онда герметикалық жинау шұңқырлары мен санитариялық-дала қондырғылары (СДҚ) қолданылады. Ағын суларды ашық су айдындарына ағызуға қатаң тыйым салынады. Дәретханалар күн сайын рұқсат етілген дезинфекциялау құралдарымен тазаланады.
Жылусыз ғимараттарға балалар тек тұрақты жылы ауа райы орнағанда — бес күн қатарынан +16 °C-тан төмен емес температурада ғана орналастырылады. Ғимараттарда табиғи және жасанды жарықтандыру болуы тиіс: жарықдиодты, люминесцентті және басқа да сәйкес шамдар қолданылады. Барлық жарық құрылғылары плафондармен жабдықталып, бұзылған шамдар дер кезінде ауыстырылады.
Лагерьлерде таза ауаны қамтамасыз ету үшін желдету және/немесе кондиционерлеу жүйелері міндетті. Душ бөлмелерінде, санитариялық тораптарда және медицина кабинеттерінде сору желдеткіші орнатылуы тиіс. Ас блогында жабдықтың үстінде міндетті түрде механикалық сорғыш болуы қажет. Сондай-ақ, терезелер мен фрамугалар арқылы табиғи желдету қарастырылған.
Осы санитариялық талаптардың сақталуы балалардың жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Келесі жарияланымдарымызда балалар лагерьлеріндегі тамақтандыру мен медициналық қызмет көрсету туралы айтып береміз.
Сумен жабдықтау, су бұру, жылумен қамту, жарықтандыру, желдету және кондиционерлеу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар туралы толығырақ ақпаратты департаменттің сайтынан таба аласыздар