Күйдіргі — адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретін аса қауіпті жұқпалы ауру. Ауру көбінесе терінің зақымдануы (карбункул) түрінде байқалады, алайда уақытылы ем көрсетілмеген жағдайда сепсиске және өлімге әкелетін жайылған түріне айналуы мүмкін.
Күйдіргімен бірнеше жолмен жұқтыруға болады:

Азық-түлік арқылы — жеткілікті термиялық өңдеуден өтпеген, жұқтырған жануарлардың етін тұтыну арқылы.

Ауалы-тозаңды жолмен — жүнмен, терімен немесе басқа жануар текті шикізатпен жұмыс істегенде.

Байланыс арқылы — ауру жануарға күтім жасау кезінде, сою, сойылған малды бөлшектеу, сондай-ақ терідегі жарақаттар мен кесілген жерлер арқылы.

Өндірістік қауіптер — табиғи жүннен, теріден немесе тоннан жасалған бұйымдарды өндіру барысында.
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің эпидемиологтары ескертеді: өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін мына қарапайым, бірақ маңызды ережелерді ұстаныңыз:

Ет пен сүт өнімдерін тек ветеринарлық анықтамасы немесе сертификаты бар жерден сатып алыңыз.

Жануар текті өнімдерді термиялық өңдеусіз тұтынбаңыз.

Жеке тұлғалардан құжатсыз ет пен сүт сатып алмаңыз.

Жануарларға күтім жасағанда жеке гигиенаны сақтаңыз.

Жануарлармен және шикізатпен жұмыс істегенде жеке қорғаныс құралдарын қолданыңыз.

Үй жануарларын күйдіргіге қарсы ектіріңіз.

Жануарларды союды тек ветеринарлық тексерістен кейін жүргізіңіз.