Қазіргі таңда азық-түлік өнімдерінің таңдауы өте кең. Осындай жағдайда өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі ең басты назарда болуы тиіс.
Біз – тұтынушылар, және күн сайын түрлі тауарларды таңдап, сатып аламыз. Осы таңдауда басшылыққа алынатын маңызды өлшемдердің бірі – өнімнің таңбалануы.
Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес (022/2011 «Тамақ өнімдері. Таңбалану бөлігінде»), таңбалау — бұл өнім қаптамасына немесе басқа тасымалдау түріне түсірілетін мәтіндік және графикалық элементтер жиынтығы. Бұл элементтер тұтынушыны өнімнің негізгі сипаттамалары туралы хабардар етеді.
Таңбалау — бұл қаптамадағы ақпарат: қандай өнім, құрамы қандай, көлемі қанша, қай жерде және қашан өндірілген, қалай сақтау керек және қалай пайдалану қажет. Сондай-ақ, міндетті түрде ЕАС белгісінің болуы тиіс.
ЕАС белгісі – бұл Еуразиялық сәйкестік (Eurasian Conformity) дегенді білдіреді. Бұл белгі өнімнің Еуразиялық экономикалық одақтың стандарттарына сәйкестігін тексеруден өткенін көрсетеді. Белгіні өнімнің қаптамасынан, жапсырмасынан немесе ілеспе құжаттардан көруге болады. Бұл өнімнің Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстан елдерінің нарығында сатуға рұқсат етілгенін білдіреді.
ЕАС белгісі өнімнің өзіне, қаптамасына немесе ілеспе құжаттарға түсірілуі мүмкін. Оның болуы — бұл өнімнің қауіпсіздік пен сапа талаптарына сәйкестігі тексерілгенінің кепілі.