Онда үш негізгі фактор ескеріледі:

Жас ерекшелігі — нәрестенің өмірінің алғашқы сағаттарынан бастап қарттық кезеңге дейін. Әр жас тобына тән қауіптерді ескере отырып, өзіне тән вакцинация кестесі болады.

Жеке ерекшеліктер — жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, жұқпалы ауруларға шалдығу қаупі жоғары мамандық иелері (мысалы, медицина қызметкерлері, балабақша қызметкерлері және т.б.) де екпе күнтізбесіне олардың денсаулығы мен қызметінің ерекшеліктеріне сәйкес енгізіледі.

Эпидемиологиялық жағдай мен эндемиялық аймақтар — кей жағдайларда вакцинация эпидемиологиялық көрсеткіштерге байланысты жүргізіледі. Мысалы, кененің шағуы жиі кездесетін өңірлерде немесе жұқпалы аурулар өршіген кезде.
Күнтізбеде - қажетті инъекция саны, олардың арасындағы уақыт аралығы, иммунитетті сақтау үшін қай жаста қайта егуді (бустер) жүргізу керектігі нақты көрсетілген.
Маңыздысы — Ұлттық екпе күнтізбесі жай ғана ұсыныс емес, бұл — ғылыми тұрғыдан негізделген, мемлекеттік деңгейде қабылданған жоспар. Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары мен елдің эпидемиологиялық деректеріне сүйене отырып жасалған.
Осы күнтізбеге сай әрекет ету — жеке денсаулықты да, қоғамның денсаулығын да қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі. Егілген халық — вакцина салуға медициналық себептермен қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қорғауға мүмкіндік беретін қорғаныс қабырғасы.