Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде ведомство басшысының міндетін атқарушы Сәуле Садвакасованың төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті.
Іс-шараға әлеуметтік салаға жетекшілік ететін қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері, сондай-ақ аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының басшылары қатысты.
Отырыс барысында жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай, сондай-ақ 2025 жылдың бірінші тоқсанында халықты профилактикалық екпелермен қамту мәселелері қаралды.
Қазіргі жағдай бойынша баяндама жасаған департамент басшысының орынбасары Ғалымбек Алин 2024–2025 жылғы эпидемиялық маусым аясында өңірдегі ЖРВИ мен тұмау аурушаңдығының деңгейі туралы ақпарат берді.
Сондай-ақ, баяндамада халықты профилактикалық екпелермен қамтуға жасалған талдау ұсынылды. Ерекше назар облыстағы мектепке дейінгі балалар мекемелеріндегі ұжымдық иммунитетке мониторинг жүргізуге аударылды. 2025 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша ұйымдасқан балалар ұжымдарында жұқпалы ауруларға қарсы екпемен қамтамасыз етілуі бағаланды.
Сонымен қатар, Ғалымбек Алин жергілікті атқарушы органдар мен медициналық ұйымдардың назар аударуы тиіс проблемалық мәселелерді атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және екпе науқанын жоғары деңгейде жүргізу бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.