Қазақстандағы түсті металлургия және тау-кен өндіру саласындағы барлық нысандар санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды міндетті түрде сақтау тиіс. Бұл талаптар ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 11 ақпандағы № ҚР ДСМ-13 бұйрығымен бекітілген Санитариялық қағидаларда көзделген.
Аталған талаптар кәсіпорындарды — шахталар, кеніштер, карьерлер, байыту фабрикалары және пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеуге қатысты басқа да нысандарды жобалау, қайта құру және пайдалану кезінде міндетті түрде ескерілуі тиіс.
Негізгі талаптар:

санитариялық-қорғау аймағын (СҚА) белгілеу және оның шекараларын сақтау;

санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болуы;

өндірістік бақылауды ұйымдастыру;

қызметкерлердің міндетті медициналық қарап-тексеруден өтуі;

жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету.
Санитариялық-қорғау аймақтарының мөлшері-
тау-кен-байыту комбинаттары — 1000 м (қауіптілік I класы); гидрошахталар мен ылғалды өңдеу жүргізілетін фабрикалар — 500 м (қауіптілік II класы).
I және II қауіптілік класына жататын кәсіпорындар эпидемиологиялық тұрғыдан аса маңызды нысандар болып есептеледі және санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз олардың қызметіне лицензия берілмейді.
Сонымен қатар, № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығына сәйкес, барлық қызметкерлер алдын ала және мерзімді медициналық қарап-тексеруден өтуге міндетті.
Өндірістік бақылау СҚА шекарасында, кәсіпорын аумағында және әсер ету аймақтарында жүзеге асырылады — бұл қызметкерлер мен қоршаған орта денсаулығына әсерін бағалау үшін жүргізіледі.