Ақмола облысында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлерінің күні аталып өтті

Ақмола облысында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлерінің күні аталып өтті
Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасының санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
 
Кәсіби мереке санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын, денсаулық сақтау саласының өкілдерін, «Ұлттық сараптама орталығының» қызметкерлерін, сала ардагерлері мен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге өз еңбегін арнап жүрген әріптестерді бір ортаға жинады.
 
Іс-шараға қатысушыларға құттықтау сөзін Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова арнады. Ол санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің маңыздылығына тоқталып, бұл саланың қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің ажырамас бөлігі екенін және оның жұмысы халықтың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рахымжанова да жылы лебізін білдірді. Ол сала мамандарының кәсіби жауапкершілігінің жоғары деңгейін атап өтіп, күнделікті еңбектің ел денсаулығын сақтаудағы маңызын ерекше атап көрсетті.
 
Салтанатты іс-шараның негізгі бөлігі марапаттау рәсіміне арналды. Кәсібилігі, адал еңбегі, жоғары жауапкершілігі және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін сала мамандарына мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды.
 
Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен жеті маман марапатталды. Облыс әкімінің орынбасары атынан тағы бес қызметкерге Алғыс хат табысталды. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Алғыс хатына төрт маман ие болды.
 
Сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің дамуына елеулі үлес қосқан мамандар Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен «Ұлттық сараптама орталығының» Ақмола облысы бойынша филиалы басшылығының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.
 
Сала өкілдеріне «QazMed» республикалық қоғамдық бірлестігі мен Ақмола облысы денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің «Senim» жергілікті кәсіподағы атынан да арнайы марапаттар табысталды.
 
Әріптестерін кәсіби мерекемен Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Серік Омарханов, «Ұлттық сараптама орталығының» Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Азамат Түсіпбеков, «Senim» жергілікті кәсіподағының төрағасы Серік Қәкенов, сондай-ақ медицина ғылымдарының докторы, профессор, «SanEpidAudit-KZ» ғылыми-білім беру орталығы» ЖШС директоры Кенжебек Шайсұлтан құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ардагерлеріне де айрықша алғыс айтылды. Олардың саладағы сан жылдық еңбегі, жинақтаған тәжірибесі мен кәсібіне деген адалдығы – осы қызметтің қалыптасу тарихының маңызды бөлігі әрі ұрпақтар сабақтастығының берік негізі.
 
Мерекелік бағдарлама концерттік қойылымдармен жалғасты.
 
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлерінің күні – еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейтін, алайда оның нәтижесі қауіп-қатердің алдын алудан, аурулардың таралуына жол бермеуден және адам денсаулығын сақтаудан көрінетін мамандарға ризашылық білдіретін ерекше күн.