Көкшетау қаласында «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етудегі сектораралық өзара іс-қимыл» тақырыбында I өңірлік ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараны Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен «Ұлттық сараптама орталығы» филиалы ұйымдастырды.
Конференция жұмысына денсаулық сақтау, білім беру, ветеринария, экология, ғылым, мемлекеттік басқару, кәсіподақ ұйымдары және халықтың санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысы бар өзге де салалардың өкілдері қатысты.
Конференцияны аша отырып, қатысушылар қазіргі санитариялық-эпидемиологиялық сын-қатерлерге тиімді ден қою тек бейінді қызметтің жұмысына ғана емес, мүдделі барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жүйелі әрі үйлесімді өзара іс-қимылына байланысты екенін атап өтті. Кәсіби сараптаманы, ғылыми әзірлемелер мен практикалық тәжірибені ұштастыру тәуекелдерді уақтылы анықтауға, алдын алу шараларын қабылдауға және кешенді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.
Конференция барысында Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Серік Омарханов 2016–2026 жылдар аралығында өңірде індетке қарсы іс-шараларды іске асыру кезіндегі сектораралық өзара іс-қимылдың нәтижелері туралы баяндама жасады.
«Ұлттық сараптама орталығының» Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Азамат Түсіпбеков ұйымның халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етудегі рөлі мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды зертханалық сүйемелдеу бағытындағы жұмысына тоқталды.
Қазақстанда «Біртұтас денсаулық» (One Health) тұжырымдамасын дамыту мәселесіне де айрықша назар аударылды. Бұл тәсіл адам, жануар және қоршаған орта денсаулығын өзара байланыста қарастырып, олардың қауіпсіздігін кешенді түрде қамтамасыз етуге бағытталған. Осы орайда медициналық, санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық және экологиялық қызметтердің тығыз ынтымақтастығының маңыздылығы атап өтілді.
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мәселелері денсаулық сақтау басқармасының, білім беру жүйесінің, ветеринариялық қызметтің және экологиялық ведомствоның өкілдері тарапынан да қаралды.
Атап айтқанда, білім беру ортасының қауіпсіздігі және оның балалар денсаулығына әсері, зооантропоноздық инфекциялардың алдын алудағы санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринариялық қызметтердің өзара іс-қимылы, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы ведомствоаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Конференцияның практикалық бөлігінде эпидемиологиялық қауіпсіздіктің жекелеген бағыттары қарастырылды. Туберкулез бойынша эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық саланы құқықтық реттеуді ғылыми тұрғыдан сүйемелдеу, медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың алдын алу және медицина қызметкерлері арасында кәсіптік аурулардың профилактикасы мәселелері қамтылды.
Пациенттер мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарттары ретінде еңбек жағдайларының қауіпсіздігіне, эпидемияға қарсы режим талаптарын сақтауға және медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың алдын алуға ерекше мән берілді.
Сонымен қатар кәсіподақ ұйымдарының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудағы рөлі талқыланды.
Конференция қорытындысы бойынша ұсынылған баяндамалар мен бастамалар жан-жақты талқыланды. Қатысушылар инфекциялық және инфекциялық емес қауіптердің алдын алу саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін ведомствоаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, кәсіби байланыстарды нығайту және озық тәжірибені енгізу қажеттігін атап өтті.
Іс-шара соңында сектораралық өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіруге және Ақмола облысының халқының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған қарар қабылданды