Вакцинациядан бас тарту қандай қауіп төндіреді?

Вакцинациядан бас тарту қандай қауіп төндіреді?
Вакцинация – жұқпалы аурулардан қорғанудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Профилактикалық екпелердің арқасында көптеген қауіпті инфекциялардың таралуы айтарлықтай азайып, шешек ауруы жер бетінде толық жойылды.
Алайда вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардың көпшілігін қоздыратын микроорганизмдер әлі де айналымда. Вакцинациямен қамту деңгейінің төмендеуі иммундық қорғанысы қалыптаспаған адамдар санының артуына әкеліп, қызылша, көкжөтел, дифтерия, полиомиелит және басқа да инфекциялардың қайта таралуына жағдай жасайды.
Екпеден бас тарту ауру жұқтыру, инфекцияның ауыр өтуі және асқынулардың даму қаупін арттырады. Аурудың түріне қарай оның салдары пневмония, жүйке жүйесінің зақымдануы, денсаулықтың ұзақ мерзімді бұзылуы, мүгедектік, ал жекелеген жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін.
Әсіресе ерте жастағы балалар мен медициналық көрсетілімдер бойынша вакцинация жасауға уақытша немесе тұрақты түрде қарсы көрсетілімдері бар адамдардың қорғанысы ерекше назарды қажет етеді. Олардың қауіпсіздігі көп жағдайда айналасындағы адамдардың вакцинациямен жоғары деңгейде қамтылуына байланысты.
Вакцинация ауруға шалдығу ықтималдығын, инфекцияның ауыр өтуін, асқынулар мен өлім қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Вакцинацияға қатысты сұрақтар туындаған жағдайда білікті медицина мамандарына жүгініп, ақпаратты тек ресми және ғылыми негізделген дереккөздерден алған жөн.
Уақытылы жасалған екпе – әр адамның ғана емес, тұтас қоғамның денсаулығын қорғауға қосылған маңызды үлес.
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті