Астанада Су және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттаманы іске асыру бойынша отырыс өтті

Астанада Су және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттаманы іске асыру бойынша отырыс өтті

Ақмола облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Садуақасова 2026 жылғы 2–3 маусым күндері Астана қаласында өткен БҰҰ ЕЭК және ДДҰ/Еуропаның Су және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттамасын Қазақстанда іске асыруға арналған ұлттық отырысқа қатысты.

Екі күнге созылған іс-шара барысында мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығының және бейінді ведомстволардың өкілдері Қазақстан халқының қауіпсіз ауыз суға, санитария мен гигиенаға тең қолжетімділігіне жүргізілген өзіндік бағалаудың алдын ала нәтижелерін қарастырды.

Қатысушылар сумен жабдықтау және санитария қызметтеріне қолжетімділіктегі өңірлік теңсіздікті азайту, халықтың осал топтарының қажеттіліктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ аталған қызметтердің қаржылық қолжетімділігін арттыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру жолдарына ерекше назар аударылды.

Отырыс барысында сумен жабдықтау және санитария саласындағы қазіргі ахуалға жан-жақты талдау жасалып, мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсынымдар әзірленді. Сондай-ақ Су және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттама шеңберіндегі Қазақстанның жаңартылған ұлттық мақсатты көрсеткіштерінің жобасы қаралды.

Мұндай іс-шаралар ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуға, халықаралық тәжірибе алмасуға және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге, санитариялық-гигиеналық жағдайларды жақсартуға бағытталған тиімді шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.