Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті көкжөтелдің алдын алу шаралары туралы хабардар етеді және санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтаудың маңыздылығын еске салады.
Көкжөтел – тыныс алу жолдарын зақымдайтын, ауа-тамшылы жолмен берілетін жедел бактериялық жұқпалы ауру. Қоздырғышы жөтелгенде, түшкіргенде және науқаспен тығыз қарым-қатынаста болғанда таралады. Аурудың жұқпалылығы жоғары және ол әсіресе ерте жастағы балалар үшін қауіпті.
Инкубациялық кезеңі әдетте 5-тен 14 күнге дейін созылады. Аурудың бастапқы кезеңінде белгілері кәдімгі жедел респираторлық инфекцияға ұқсас болып келеді: мұрын бітелуі, дене қызуының шамалы көтерілуі, әлсіздік байқалады. Уақыт өте келе ұстамалы, спазмдық жөтел пайда болып, ол тыныс алудың қиындауымен және жөтелден кейін құсумен қатар жүруі мүмкін.
Көкжөтел бір жасқа дейінгі балаларда ауыр өтеді. Мұндай жағдайда тыныс алудың уақытша тоқтауы, өкпе қабынуы және өзге де асқынулар туындауы ықтимал.
Көкжөтелдің алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация. Егу Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі және аурудан қорғаныш қалыптастырып, оның ауыр түрлерінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Аурудың таралуын болдырмау мақсатында:
* профилактикалық екпелерді уақытылы алу;
* респираторлық ауру белгілері бар адамдармен байланысты шектеу;
* жеке бас гигиенасын сақтау;
* үй-жайларды үнемі желдету;
* ұзаққа созылған жөтел пайда болған жағдайда дер кезінде дәрігерге қаралу;
* дәрігер ұсынымдарын сақтау және қажет болған жағдайда ұйымдасқан ұжымдарға баруды шектеу ұсынылады.
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды жұқпалы аурулардың алдын алу шараларына жауапкершілікпен қарауға, балаларды уақытылы вакцинациялауға және денсаулықты сақтауға бағытталған талаптарды ұстануға шақырады.