Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Садвакасова Сандықтау аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының ұжымымен жұмыс кеңесін өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын мүлтіксіз сақтауын қамтамасыз ету, сондай-ақ әкімшілік және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың, лудоманияның алдын алу болды.
Кездесу барысында Сәуле Садвакасова Әдеп кодексін сақтау – әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби әрі азаматтық парызы екенін атап өтті. Ол қызметтік міндеттерді атқару кезінде де, қызметтен тыс уақытта да жоғары мінез-құлық мәдениетін ұстанудың маңыздылығына тоқталып, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық пен ашықтық таныту, мүдделер қақтығысына жол бермеу қажеттігін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, кеңес барысында әкімшілік және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері кеңінен қарастырылды. Қатысушыларға заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігі түсіндіріліп, құқықбұзушылықтардың алдын алу және оларды дер кезінде анықтау тетіктері жан-жақты талқыланды.
Бұдан бөлек, лудоманияның алдын алу мәселесіне де назар аударылып, оның жеке адамға да, қоғамға да тигізетін кері әсері атап өтілді. Осыған байланысты жүйелі түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы айтылды.
Кездесу қорытындысында қызметкерлер өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, жұмыс тиімділігін арттыруға және мемлекеттік органдар қызметіне деген қоғамдық сенімді нығайтуға бағытталған нақты ұсынымдармен танысты.