Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Садвакасова Атбасар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының ұжымымен жұмыс кеңесін өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз ету, әкімшілік және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ лудоманияның профилактикасын күшейту болды.
Кездесу барысында Сәуле Садвакасова Әдеп кодексі талаптарын қатаң сақтау – әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби міндеті екенін атап өтті. Ол қызметтік және қызметтен тыс уақытта да мінез-құлық мәдениетін сақтау, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық пен ашықтық таныту мемлекеттік орган беделін айқындайтын маңызды фактор екенін жеткізді.
Сонымен қатар, кеңес барысында әкімшілік және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға заңнама талаптарын мүлтіксіз орындаудың маңыздылығы түсіндіріліп, ықтимал құқықбұзушылықтардың алдын алу тетіктері кеңінен талқыланды.
Бұдан бөлек, лудоманияның алдын алу мәселесі қозғалып, оның жеке тұлғаға және қоғамға тигізетін кері әсері айтылды. Қызметкерлерге бұл бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, жұмыс сапасын арттыруға және мемлекеттік қызметке деген сенімді нығайтуға бағытталған нақты ұсыныстармен танысты.