Құтыру: аурудың алдын алу және сақтану шаралары

Құтыру: аурудың алдын алу және сақтану шаралары
Құтыру — табиғи ошақта таралатын, аса қауіпті вирустық жұқпалы ауру. Ауру қоздырғышы көбіне жұқтырған жануардың сілекейі арқылы, негізінен тістеу кезінде адамға жұғады. Ол орталық жүйке жүйесін зақымдап, клиникалық белгілері пайда болған жағдайда өлімге әкеледі.
 
Инфекцияның негізгі көздері — жабайы және үй жануарлары. Әсіресе жыртқыш жабайы аңдар, сондай-ақ иттер мен мысықтар эпидемиологиялық тұрғыдан аса маңызды болып табылады.
 
Құтырудың алдын алу жануарлар арасындағы індеттің таралуын болдырмауға бағытталған кешенді шараларды қамтиды. Олардың қатарында жануарларды уақтылы вакциналау, қаңғыбас жануарлар санын реттеу және ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау маңызды орын алады.
 
Жануарлар тістеген, сілекейі тиген немесе тері жамылғысы зақымданған жағдайда медициналық көмекке дер кезінде жүгіну ерекше маңызды. Алғашқы көмек ретінде жараны дереу сабынды сумен мұқият жуып, кейін антисептикалық құралдармен өңдеу қажет.
 
Жараны алғашқы өңдеуден кейін қысқа мерзім ішінде арнайы алдын алу шаралары жүргізіледі. Ол антирабиялық вакцина егу арқылы аурудың дамуына жол бермеуге бағытталған.
Алдын алу шараларын уақытылы қабылдау және жеке денсаулыққа жауапкершілікпен қарау — құтырудың алдын алудың басты кепілі.