Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті балалардың жазғы сауықтыру нысандарын маусымға дайындау жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Балалардың демалысы мен сауығуын ұйымдастыру санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауды, сондай-ақ жұқпалы аурулардың алдын алуға айрықша мән беруді қажет етеді. Жүргізіліп жатқан іс-шаралар кешені балалардың демалыс кезеңінде қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға, олардың денсаулығын сақтап, нығайтуға бағытталған.
Сауықтыру нысандарының қызметін бастау алдында барлық ғимараттар мен құрылыстарды жөндеу, аумақты абаттандыру, инженерлік жүйелердің жұмысқа жарамдылығын тексеру және қажет болған жағдайда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар ауыз судың сапасын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп, сумен жабдықтау жүйелерін профилактикалық тазалау мен залалсыздандыру шаралары атқарылады.
Нысандар аумағында және үй-жайларында дезинфекция, дезинсекция және дератизация сияқты санитариялық-профилактикалық іс-шаралар міндетті түрде өткізіледі. Қызметкерлердің жұмысқа жіберілуі медициналық тексеруден өтуімен және өндірістік бақылаудың ұйымдастырылуымен қамтамасыз етіледі.
Балалардың сауықтыру нысандарын пайдалануға санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін растайтын тиісті қорытынды болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Рұқсат құжаттарын алу белгіленген тәртіппен мемлекеттік электрондық қызметтер арқылы жүзеге асырылады.
Жазғы маусымға дайындық аясында департамент тарапынан сауықтыру нысандарының басшылары мен мүдделі ведомстволарға санитариялық талаптарды сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Департамент балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету және санитариялық-эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығын сақтау бағытындағы бақылау және профилактикалық шараларды жалғастырады.