Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтың төрағалығымен жазғы туристік маусымға курорттық аймақтардың дайындығына арналған кеңес өтті.
Күн тәртібінде туристік саланы жазғы кезеңге дайындау, азаматтардың су айдындарына қолжетімділігін қамтамасыз ету, «Бурабай» және «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің дайындығы, туристік инфрақұрылымның жұмыс істеуі, сондай-ақ демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Жазғы кезеңдегі санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Садвакасова баяндама жасады.
Өз сөзінде Сәуле Садвакасова барлық туристік нысандардың санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуының міндеттілігін атап өтті. Белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда жедел әрекет ету шаралары қолданылатыны ескертілді.
Баяндама барысында эпидемиялық маңызы жоғары нысандар үшін санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Олардың қатарына сауықтыру және шипажай ұйымдары, демалыс базалары мен орындары жатады. Аталған құжатты «электрондық үкімет» порталы арқылы рәсімдеу зертханалық зерттеулер мен аспаптық өлшеулер нәтижелерін ұсыну арқылы жүзеге асырылатыны атап өтілді.
Сондай-ақ ауыз су сапасын бақылау, жағажай аймақтарының жай-күйі, аумақтардың санитариялық тазалығы, тұрғын үй және тамақтану жағдайлары сияқты санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау халықтың қауіпсіз демалысын қамтамасыз етудің негізгі шарты екені айтылды.
Сонымен қатар жол бойындағы сервис нысандарын санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкестендіру, оның ішінде қызметті хабарлама тәртібімен жүзеге асырудың міндеттілігі жөнінде ақпарат жеткізілді.
Алдағы жазғы кезеңде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында Департамент тарапынан туристік нысандардың жоспарланған қызметі туралы уақтылы хабардар ету және рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істейтін нысандар анықталған жағдайда уәкілетті органдарды дереу хабарландыру бойынша ұсыныстар енгізілді.