Оқушылар денсаулығы – басты назарда: омыртқа мен көру қабілетін сақтау жолдары

Оқушылар денсаулығы – басты назарда: омыртқа мен көру қабілетін сақтау жолдары
Білім алушылардың денсаулығын сақтау – білім беру ұйымдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Әсіресе мектеп жасында қалыптасатын омыртқа қисаюы (сколиоз) мен көру қабілетінің төмендеуінің алдын алу өзекті мәселе болып отыр. Бұл көбіне оқу ортасындағы қолайсыз факторлардың әсерінен туындайды.
 
Омыртқа бұзылыстарының негізгі себептері – оқушы бойына сәйкес келмейтін жиһаз, ұзақ уақыт қимылсыз отыру, партада дұрыс отырмау және дене белсенділігінің жеткіліксіздігі. Осыған байланысты білім беру ұйымдарында оқушы бойына сай жиһазбен қамтамасыз ету, жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру және сабақ барысында дұрыс отырысты бақылау талаптары қатаң сақталуы тиіс.
 
Алдын алу шараларының маңызды бөлігі – оқу жүктемесін ұтымды жоспарлау және сабақ кезінде сергіту жаттығуларын жүйелі түрде өткізу. Қимыл-қозғалыс белсенділігі омыртқаға түсетін жүктемені азайтып, оның дұрыс қалыптасуына ықпал етеді.
 
Көру қабілетінің нашарлауы көбіне көзге шамадан тыс күш түсуінен, оқу бөлмелеріндегі жарықтың жеткіліксіздігінен және электронды құрылғыларды ұзақ пайдаланудан болады. Сондықтан оқу кабинеттерінде табиғи және жасанды жарықтың талапқа сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жұмыс орындарын жарық көзіне қатысты дұрыс орналастыру маңызды.
Сонымен қатар, көз бен оқу құралы арасындағы арақашықтықты сақтау, гаджеттерді үздіксіз қолдану уақытын шектеу және көзге арналған жаттығуларды жүйелі орындау ұсынылады.
 
Оқу үдерісін ұйымдастыру, жарықтандыру жағдайы, жиһазды дұрыс таңдау және жүктеме режимін сақтау бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын жүйелі бақылау – оқушылар денсаулығын сақтаудың маңызды кепілі. Бұл шаралар омыртқа қисаюы мен көру қабілеті бұзылыстарының алдын алуға және қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.