Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кәсіпорындарда өндірістік бақылауды ұйымдастыру және жүргізу тәртібі туралы хабарлайды.
Өндірістік бақылау — қызметкерлердің денсаулығына әсер етуі мүмкін өндірістік орта факторларын жүйелі түрде бақылауға, сондай-ақ еңбек жағдайларының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуын қадағалауға бағытталған міндетті іс-шаралар кешені. Оған химиялық заттар, шаң мен аэрозольдер, шу мен діріл, микроклимат және жарықтандыру көрсеткіштерін тұрақты бақылау кіреді.
Өндірістік бақылауды ұйымдастыру өндірістік бақылау бағдарламасын (ӨББ) әзірлеуден және бекітуден басталады. Бағдарламада бақыланатын факторлар тізбесі, зерттеу жүргізу мерзімділігі, өлшеу әдістері, жауапты тұлғалар және қамтылатын жұмыс орындары айқындалады.
Келесі кезеңде өндірістік үдерістердің ерекшеліктерін, қолданылатын материалдар мен жабдықтарды ескере отырып, зиянды және қауіпті факторларға талдау жүргізіледі.
Зертханалық зерттеулер аккредиттелген ұйымдармен жасалған шарттар негізінде жүзеге асырылады. Бақылау шеңберінде ауадағы зиянды заттардың шоғырлануы, шу мен діріл деңгейі, микроклимат параметрлері және жұмыс орындарының жарықтандырылуы бағаланады. Алынған нәтижелер белгіленген санитариялық нормалармен салыстырылып, ауытқулар анықталған жағдайда тиісті түзету шаралары қабылданады.
Өндірістік бақылау нәтижелері есепке алу журналдарында тіркеледі. Сонымен қатар, оның қорытындылары туралы ақпарат әр жартыжылдықта, есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-іне дейін санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың аумақтық бөлімшелеріне ұсынылады.