Көкшетау қаласында Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында сауда саласындағы заңнама талаптарының сақталуы және мемлекеттік бақылаудың цифрлық тетіктерін енгізу мәселелері қаралды.
«Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау» ақпараттық жүйесінің жұмыс істеу тәртібі туралы баяндама жасаған Ақмола облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Қанат Искаков жүйенің негізгі бағыттары мен артықшылықтарына тоқталды.
Баяндама барысында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау үдерістерін автоматтандыруға арналған жүйенің мақсаты мен міндеттері жан-жақты түсіндірілді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау» ақпараттық жүйесі бақылау шараларының барлық кезеңін тіркеп, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ететіні және тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы негізсіз тексерулерге жол бермейтіні атап өтілді.
Жоспарлы тексерулер кәсіпкерлік субъектілерінің тәуекел дәрежесін айқындайтын объективті өлшемшарттар негізінде ғана жүргізіледі. Тәуекелі төмен нысандар жоспарлы бақылауға жатпайды, бұл адал кәсіпкерлер үшін әкімшілік жүктемені едәуір азайтады.
Сонымен қатар жүйенің өндірістік бақылауды электрондық форматта жүргізуге, қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуін ақпараттық жүйелермен ықпалдасу арқылы қадағалауға, санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға жататын нысандар мен өнімдердің тізілімдерін қалыптастыруға мүмкіндік беретіні баяндалды.
Жиын қорытындысында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау» ақпараттық жүйесін енгізу мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруге, бақылау-қадағалау қызметінің тиімділігін арттыруға және құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді.