Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кремі бар кондитерлік өнімдер, әсіресе торттар мен пирожныйлар эпидемиологиялық тұрғыдан тәуекелі жоғары тағам түріне жататынын ескертеді. Оларды сақтау және өткізу талаптары сақталмаған жағдайда тағамнан улану жағдайлары туындауы мүмкін.
Негізгі қауіп факторлары — сапасыз шикізатты пайдалану, дайындау технологиясының бұзылуы, сақтау кезіндегі температуралық режимнің сақталмауы, сондай-ақ өндіріс пен сауда орындарындағы санитариялық бақылаудың жеткіліксіздігі. Әсіресе ақуызды және қайнатпалы кремдер тез бұзылатын өнімдер қатарына жатады. Сондықтан оларды +2°С-тан +6°С-қа дейінгі температурада сақтау және өткізу мерзімдерін қатаң қадағалау қажет.
Тағамнан уланудың алдын алу мақсатында:
• өндірісте тек сапасы расталған, балғын шикізатты пайдалану;
• технологиялық талаптарды толық сақтау және жартылай фабрикаттарға міндетті түрде жылумен өңдеу жүргізу;
• шикізат пен дайын өнімді бөлек сақтау;
• қызметкерлердің жеке гигиена қағидаларын қатаң ұстануы;
• жабдықтар мен құрал-саймандарды жүйелі түрде зарарсыздандыру;
• жұқпалы ауру белгілері бар қызметкерлерді жұмысқа жібермеу талап етіледі.
Тұтынушылар кондитерлік өнімдерді сатып алу кезінде қаптамасының бүтіндігіне, таңбалануына, дайындалған күніне, жарамдылық мерзіміне және сақтау шарттарына назар аударуы тиіс. Кремді өнімдер тек тоңазытқыш жабдықтарында сақталып, сатылуы қажет. Өзін-өзі қызмет көрсету тәсілімен және шағын бөлшек сауда нысандарында қаптамасыз кремді кондитерлік өнімдерді сатуға жол берілмейді.
Өндірістен бастап тұтынушыға дейінгі барлық кезеңде санитариялық талаптарды сақтау — тағам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және халық денсаулығын қорғаудың басты шарты.