Ақмола облысындағы ЖРВИ мен тұмау: сырқаттанушылықтың төмендеуі және вакцинацияның маңызы

Ақмола облысындағы ЖРВИ мен тұмау: сырқаттанушылықтың төмендеуі және вакцинацияның маңызы
Ақмола облысында жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағалануда. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысының басты мемлекеттік санитарлық дәрігері Серік Омарханов мәлімдеді.
Оның айтуынша, күзгі-қысқы кезеңге тән маусымдық өсім бәсеңдеп, сырқаттанушылық біртіндеп төмендеу үстінде. Жыл басынан бері 27 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға төмен. Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері шамамен 102 мың жағдай есепке алынды. Ауруға шалдыққандардың 64 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Зертханалық жолмен 79 тұмау дерегі расталып, негізінен A(H3N2) вирусы айналымда жүргені анықталды.
Өңірде санитариялық-эпидемияға қарсы кешенді шаралар жүзеге асырылуда: медициналық ұйымдарда сүзгі кабинеттерінің жұмысы күшейтілді, пациенттер легі бөлінді, білім беру ұйымдарында келушілерге күнделікті мониторинг жүргізілуде.
Алдын алудың ең тиімді тәсілі ретінде вакцинацияға айрықша назар аударылуда. Тұмауға қарсы иммундау науқаны аясында 83 мыңнан астам адам екпе алды, бұл облыс халқының 11 пайызын құрайды. Қолданылған вакциналар A(H1N1), A(H3N2) және B типті өзекті штамдарға қарсы бағытталған.
Сонымен қатар екпеден бас тарту жағдайларының артуы алаңдаушылық тудырады: 2021 жылы 627 бас тарту тіркелсе, 2025 жылы олардың саны 3082-ге жеткен. 2026 жылдың қаңтар айында ғана 127 бас тарту дерегі есепке алынған.
Серік Омарханов иммундаумен қамтудың төмендеуі инфекция ошақтарының пайда болу қаупін арттыратынын атап өтіп, тұрғындарды вакцинацияға жауапкершілікпен қарауға шақырды.