Астанада иммунопрофилактиканы жетілдіру мәселелері бойынша республикалық техникалық кеңес өтті

Астанада иммунопрофилактиканы жетілдіру мәселелері бойынша республикалық техникалық кеңес өтті
2026 жылғы 18–20 ақпан аралығында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдігінің және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы елдік офисінің қолдауымен «2026–2028 жылдарға арналған иммунопрофилактиканы жетілдіру жөніндегі жол картасын» әзірлеуге арналған республикалық техникалық кеңес өтті.
Кеңес жұмысына санитариялық-эпидемиологиялық және медициналық қызметтердің облыстық және аудандық деңгейдегі мамандары, ғылыми орталықтар мен медициналық жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Ақмола облысынан аталған іс-шараға Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Әлин қатысты.
Кездесу барысында ұжымдық иммунитетті нығайту тетіктері талқыланып, қызылша аурушаңдығына талдау жасалды. Сонымен қатар ЮНИСЕФ жүргізген көпиндикаторлы кластерлік зерттеудің (MICS) қорытындылары және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әдіснамасы бойынша еліміздің барлық өңірін қамтыған иммундау бағдарламасына жүргізілген сыртқы бағалау нәтижелері қаралды.
Бұдан бөлек, вакциналарды сақтау мен тасымалдаудың «салқындату тізбегінің» жай-күйі, вакцинациямен қамту деңгейі, екпеден бас тарту себептері, сондай-ақ деректер сапасын арттыру мен бағдарламаны басқару тиімділігін жетілдіруге бағытталған цифрлық шешімдерді дамыту мәселелері назарға алынды.