Металл сынықтарын өңдеу қызметіне рұқсат алу тәртібі туралы

Металл сынықтарын өңдеу қызметіне рұқсат алу тәртібі туралы
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 2024 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің металл сынықтары мен қара және түсті металдар қалдықтарын жинау, сақтау, өңдеу және өткізу қызметіне екінші санаттағы рұқсаттар беретін уәкілетті органды айқындағанын хабарлайды. Аталған рұқсаттарды келісу үдерісіне санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының аумақтық бөлімшелері қатысады.
Егер нысан металл сынықтарын өңдеусіз тек қабылдаумен айналысса, кәсіпкер электрондық үкімет порталы арқылы қызметтің басталғаны туралы хабарлама жолдауы тиіс. Ал металл сынықтарын жинау, сақтау, өңдеу және өткізу жүзеге асырылған жағдайда, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 19-бабына сәйкес жоғары эпидемиялық маңызы бар нысанға санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу қажет.
Металл өңдеу нысандары үшін санитариялық-қорғау аймағын сақтау міндетті талап болып табылады. Оның мөлшері өңдеу көлеміне қарай санитариялық қағидалармен белгіленеді немесе нысан тиісті тізбеде болмаған жағдайда жеке есептеулер негізінде айқындалады.
Белгіленген талаптарды сақтау халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге және қоршаған ортаға келетін кері әсерді азайтуға бағытталған.