Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті вакцинация жұқпалы аурулардың алдын алудағы ең тиімді әрі ғылыми негізделген шаралардың бірі екенін еске салады.
Иммундау ұжымдық иммунитет қалыптастыруға, сырқаттанушылық деңгейін төмендетуге, асқынулар мен өлім-жітімнің алдын алуға мүмкіндік береді. Жоспарлы екпе жүргізудің нәтижесінде өңірде басқарылатын инфекцияларға бақылау қамтамасыз етіліп, ұйымдастырылған ұжымдарда ауру ошақтарының туындауына жол берілмейді.
Вакцинация балалар, жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар және егде жастағы азаматтар үшін ерекше маңызды. Халықтың осал топтарын қорғау — қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыты.
Ақмола облысында профилактикалық егулер Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Қолданылатын вакциналар міндетті тіркеуден өтеді және сапа мен қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді.
Департамент облыс тұрғындарын жоспарлы вакцинациядан уақтылы өтуге және тұрғылықты жері бойынша медициналық қызметкерлерден кеңес алуға шақырады. Иммундауға жауапкершілікпен қарау — жеке денсаулықты сақтаудың және өңірдің санитариялық-эпидемиологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды кепілі.