Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті оқушылар арасында салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастыру санитариялық-эпидемиологиялық профилактиканың басым бағыттарының бірі әрі өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғаудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын хабарлайды.
Балалық және жасөспірімдік кезеңде адамның болашақтағы денсаулығы мен өмір сапасын айқындайтын тамақтану дағдылары қалыптасады. Теңгерімсіз тамақтану зат алмасу үдерістерінің бұзылуына, ағзаға қажетті қоректік заттардың тапшылығына және алиментарлық тәуелді аурулардың дамуына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты оқушылардың ұтымды әрі қауіпсіз тамақтануын қамтамасыз ету мәселелері санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің тұрақты бақылауында.
Аталған саладағы профилактикалық жұмыс балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес физиологиялық тұрғыдан құнарлы әрі қауіпсіз тамақтануын қамтамасыз етуге, сондай-ақ тағам өнімдерін саналы түрде таңдауға және тамақтану режимін сақтауға бағытталған көзқарасты қалыптастыруға негізделген.
Департаменттің жүйелі қызметі аясында оқушылармен санитариялық-ағартушылық және білім беру жұмыстары жүргізіліп, мектептегі тамақтануды ұйымдастыру мен оның сапасына бақылау жасалады, теңгерімді мәзір енгізіледі, пайдалы тамақтану дағдылары қалыптастырылады, ата-аналар мен педагогтердің қатысуы қамтамасыз етіледі, сондай-ақ оқушылардың дене дамуына мониторинг жүргізіледі.
Аталған шараларды кезең-кезеңімен іске асыру білім беру ұйымдарында қолайлы санитариялық-эпидемиологиялық орта қалыптастыруға, балаларды толыққанды тамақпен қамтамасыз етуге және олардың қалыпты өсуі мен дамуына, оқу белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Департамент тек кешенді әрі ведомствоаралық өзара іс-қимыл арқылы ғана оқушылар арасында салауатты тамақтану мәдениетін тұрақты қалыптастыруға, балалардың денсаулығын нығайтуға және алиментарлық тәуелді аурулардың даму қаупін төмендетуге болатынын атап өтеді.