Құтырма ауруының алдын алу — халық денсаулығын қорғаудың маңызды тетігі

Құтырма ауруының алдын алу — халық денсаулығын қорғаудың маңызды тетігі
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті құтырма ауруының аса қауіпті, табиғи ошақты вирустық жұқпалы дерт екенін хабарлайды. Ауру адамға көбіне құтырған жануардың тістеуі немесе сілекейі арқылы жұғады, орталық жүйке жүйесін зақымдайды және клиникалық белгілері пайда болған жағдайда 100 пайыз өліммен аяқталады.
Инфекцияның негізгі көздері — жабайы жануарлар (түлкі, қасқыр, шакал, борсық, жарқанаттар мен кеміргіштер), сондай-ақ үй жануарлары — иттер мен мысықтар.
Құтырма ауруының алдын алу мақсатында кәсіби қауіп-қатер тобына жататын тұлғаларға вакцинация жүргізіледі. Олардың қатарына ғылыми-зерттеу және зертханалық ұйымдардың қызметкерлері, қараусыз қалған жануарларды аулау және ұстаумен айналысатын мамандар, аңшылық және орман шаруашылығы саласының қызметкерлері, қорықшылар, кинологтар және құтырма жұқтырған жануарлармен байланысқа түсу қаупі бар өзге де адамдар кіреді. Сонымен қатар үй және қараусыз жануарларды уақтылы вакциналау, ал тістеу немесе тырнау жағдайлары тіркелген кезде карантиндік шаралар енгізу аса маңызды.
Жануар тістеген, тырнаған немесе сілекей тиген жағдайда жараны дереу көп мөлшердегі ағынды сумен және сабынмен мұқият жуу, жара шеттерін спирт ерітіндісімен немесе йодпен өңдеу және шұғыл түрде медициналық көмекке жүгініп, құтырмаға қарсы профилактикалық иммундаудан өту қажет.
Еске саламыз, құтырмаға қарсы күрестің Дүниежүзілік күні жыл сайын 28 қыркүйекте атап өтіледі.
Алдын алу шараларын сақтау — халықтың өмірі мен денсаулығын қорғаудың кепілі.