Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халық денсаулығына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі – ауыз су сапасын қамтамасыз ету мақсатында сумен жабдықтау жүйелерінің жай-күйіне тұрақты түрде санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіп келеді.
2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша өңірде, оның ішінде су арқылы таралатын аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты деңгейде сақталуда. Санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне жол бермеу мақсатында ауыз су сапасына жүйелі бақылау жүргізілуде. Мониторинг Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 қарашадағы № ҚР ДСМ-193/2020 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Мониторинг аясында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары орталықтандырылған сумен жабдықтау көздерінен ауыз су сынамаларын тұрақты түрде іріктеп, оларды микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша зертханалық талдаудан өткізеді.
Есепті кезеңде микробиологиялық көрсеткіштер бойынша 6 800 ауыз су сынамасы зерттеліп, олардың 522-сі немесе 7,7 пайызы белгіленген талаптарға сай келмеген. Санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша 6 629 сынама зерттеліп, 810 сынамадан (12,2 пайыз) сәйкессіздік анықталған.
Ауыз су сапасының талаптарға сай келмеуінің негізгі себептері – су құбырлары мен инженерлік желілердің тозуы, су тазарту құрылыстарының тиімсіз жұмыс істеуі, профилактикалық іс-шаралардың уақтылы жүргізілмеуі, сондай-ақ сумен жабдықтау көздерінің санитариялық қорғау аймақтарына қойылатын талаптардың сақталмауы.
Анықталған әрбір сәйкессіздік фактісі бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілердің атына санитариялық-эпидемиологиялық және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы қаулылар жолданады. Халықты сапалы әрі қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз ету Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.