Ақмола облысындағы эпидемиологиялық ахуал туралы 2025 жылдың 11 айының қорытындысын санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Серік Омарханов брифинг барысында баяндады. Жалпы өңірде санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Туляремия, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, құтыру және листериоз сияқты қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ.
2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірқатар жұқпалы және паразиттік аурулар бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады. Атап айтқанда, туберкулез, қызылша, көкжөтел, қызамық, скарлатина, дизентерия және вирустық гепатиттер көрсеткіштері азайған. Сонымен қатар жекелеген нозологиялар бойынша, оның ішінде жедел ішек инфекциялары, серозды менингит, кене арқылы таралатын инфекциялар, қышыма және бруцеллез бойынша өсім тіркелді.
Есепті кезеңде қызылшаның 225 жағдайы анықталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 74 пайызға төмен. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі – бір жасқа дейінгі балалар, бұл қалыптасқан иммунитеттің болмауымен байланысты. Сырқаттанушылықтың төмендеуіне 42 мыңнан астам адамды қамтыған қосымша жаппай иммундау шаралары оң әсер етті.
2025–2026 жылдардағы эпидемиологиялық маусымда өңірде жедел респираторлық вирустық инфекциялар бойынша өсім байқалып, шамамен 63 мың жағдай тіркелді. Науқастардың негізгі бөлігін балалар құрайды. Сонымен қатар А(H3N2) тұмау вирусының зертханалық расталған жағдайлары анықталды. Тұмауға қарсы екпемен 83 мыңнан астам адам, оның ішінде жүкті әйелдер мен қауіп тобына жататын азаматтар қамтылды.
Туберкулезбен сырқаттанушылық шамамен 6 пайызға төмендеді. Ауруға шалдығу қаупі жоғары топ – еңбекке қабілетті жастағы тұрғындар. Профилактикалық тексерулермен және туберкулинодиагностикамен қамту деңгейі 96 пайыздан асады.
Бруцеллез бойынша 14 жағдай тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалды. Жұқтырудың негізгі көздері – ауыл шаруашылығы жануарларымен байланыс, сондай-ақ тиісті термиялық өңдеуден өтпеген мал өнімдерін тұтыну.
Серік Омархановтың айтуынша, алдағы кезеңдегі басым міндеттер – профилактикалық екпелермен қамтуды арттыру, жұқпалы аурулардың алдын алу шараларын күшейту және санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету.