Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың кең таралған түрлерінің бірі – босанудан кейінгі эндометрит туралы хабарлайды.
Босанудан кейінгі эндометрит – босанғаннан кейін дамитын жатырдың ішкі қабатының (эндометрийдің) инфекциялық-қабыну ауруы. Босану кезінде жолдас бөлінген соң жатыр ішінде ауқымды жара беті қалыптасады, ал кесарь тілігі кезінде қосымша операциялық жарақат пайда болады. Бұл жағдайлар инфекцияның енуіне қолайлы орта түзеді. Босанудан кейінгі іріңді-қабыну ауруларының құрылымында эндометриттің үлесі 36–59%-ды құрайды, ал жағдайлардың шамамен 25%-ы ауыр өтіп, инфекцияның жайылу қаупімен сипатталады.
Аурудың негізгі қоздырғыштары – шартты-патогенді микроағзалар, олар 90%-ға жуық жағдайда аралас микрофлора түрінде анықталады. Эндометриттің даму қаупі жүктілік пен босанудың асқынған ағымында, ұзақ сусыз кезеңде, хориоамнионит кезінде, айтарлықтай қан жоғалтқанда, жолдасты қолмен бөліп алу барысында және операциялық жолмен босандыруда айтарлықтай артады. Табиғи жолмен босанғаннан кейін эндометриттің жиілігі 1–3%-ды, жоспарлы кесарь тілігінен кейін 5–15%-ды, ал шұғыл операциядан соң 20%-дан астамды құрайды.
Босанудан кейінгі эндометриттің ауыр түрі, әдетте, босанғаннан кейінгі 2–3 тәулікте дамып, дене қызуының жоғарылауымен, қалтыраумен, іштің төменгі бөлігіндегі ауырсынумен, босанудан кейінгі бөліністердің патологиялық өзгеруімен және жатырдың кері дамуының баяулауымен қатар жүреді. Уақтылы ем көрсетілмеген жағдайда ауру тромбофлебитке, перитонитке, сепсиске ұласып, әйел өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін.
Алдын алу шаралары жүкті әйелдердің қынап микрофлорасын бақылауды, қауіп факторларын дер кезінде анықтауды, босануды дұрыс әрі қауіпсіз жүргізуді, медициналық ұйымдарда санитариялық-эпидемияға қарсы талаптарды сақтауды және босанғаннан кейін жеке бас гигиенасын қатаң ұстануды қамтиды.
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті босанған әйелдерді денсаулық жағдайына мұқият қарауға және мазасыз белгілер пайда болған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырады. Уақтылы анықтау мен емдеу ауыр әрі қайтымсыз асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.