Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ата-аналардың назарын балалар толық немесе қысқа мерзімде болу ұйымдарында санитариялық талаптардың қатаң сақталуына мән беруге шақырады.
Балаларға арналған үй-жайлар қауіпсіз, таза және белгіленген нормаларға сай болуы тиіс: бейімделген ғимараттарда бір балаға кемінде 8 м², ал толық күн болмаған жағдайда – 16 м² қарастырылуы қажет. Ойын, шешінетін бөлмелер мен дәліздердегі қабырғалар мен жабдықтар ылғалды тазалауға мүмкіндік беретін тегіс болуы керек. Санитариялық тораптар тұрақты дезинфекция жүргізуге жағдай жасайтын материалдармен қапталады.
Едендер ағаш, паркет немесе ылғалды өңдеуге жарамды қауіпсіз синтетикалық жабындармен төселеді. Ойын алаңдарында тек жарақаттың алдын алатын арнайы жабындар қолданылады, ал барлық ойын элементтері балалардың жас ерекшелігіне сай болуы және уақтылы жөнделіп отыруы тиіс.
Ойын және оқу бөлмелері балалар бойына арнайы өлшемделген үстелдер мен орындықтармен жабдықталады. Шешінетін бөлмелердегі шкафтар жеке таңбаланып, сөрелер мен ілгектермен қамтамасыз етіледі.
Ойыншықтар күн сайын міндетті түрде өңделеді: олар жуғыш құралдармен жуылады, ал жұмсақ ойыншықтар қосымша бактерицидті шамдармен залалсыздандырылады. Мекемеде зертханалық зерттеулер мен қажетті өлшемдерді қамтитын өндірістік бақылау ұйымдастырылады.
Құрметті Ақмола облысының тұрғындары!
Балабақша таңдағанда тек қызмет құнына сүйенбеңіз. Балаңыз уақыт өткізетін ортаның қауіпсіздігіне, үй-жайлардың санитариялық жай-күйіне, кеңістікті сауатты ұйымдастыруына, педагогтердің кәсіби біліктілігіне және жалпы атмосфераға мән беріңіз.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті сізге дұрыс әрі саналы таңдау жасауға шақырады!