Ақмола облысындағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты деңгейде сақталуда

Ақмола облысындағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты деңгейде сақталуда
2025 жылдың он айының қорытындысы бойынша Ақмола облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Серік Омарханов брифинг барысында мәлімдеді.
 
Оның айтуынша, аймақта жұқпалы аурулардың басым бөлігі бойынша сырқаттанушылық деңгейі төмендеген, індеттік өршу деректері тіркелмеген. Санитариялық қызмет алдын алу және түсіндіру жұмыстарын, әсіресе балалар арасында, жүйелі түрде жалғастыруда.
 
Қызылша ауруының көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда шамамен төрт есеге азайған. Биыл аурудың жекелеген жағдайлары ғана тіркелді, олардың басым бөлігі екпе алмаған балалар арасында. Соңғы жағдай шілде айында анықталған, жаңа деректер тіркелмеген. Осындай оң үрдіс көкжөтелге қатысты да байқалады — жыл басынан бері сырқаттанушылық төрт еседен астам төмендеді. Ауру жұқтырғандардың барлығы – балалар, көбісі вакцинациядан өтпеген.
 
Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері өңірде 17 мыңнан астам жіті респираторлық вирустық инфекция жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда төмен. Науқастардың басым бөлігі – балалар, алайда эпидемиялық шектен асып кету деректері жоқ. Облыс бойынша тұмауға қарсы екпе егу науқаны жоспарға сай жүріп жатыр, балалар, жүкті әйелдер және медицина қызметкерлері толық қамтылған.
 
Жіті ішек инфекциялары бойынша шамалы өсім байқалады, негізінен балалар арасында. Бірқатар аудандарда жергілікті өршу жағдайлары тіркеліп, дер кезінде оқшауланған. Ал вирустық гепатит А ауруының көрсеткіші екі есеге төмендеді. Барлық жағдайлар санитариялық қызметтің бақылауында.
 
Паразитарлық аурулардың деңгейі шамамен екі пайызға азайды. Ең жиі кездесетін түрлері – энтеробиоз және лямблиоз. Сонымен қатар, тері арқылы жұғатын аурулардың көбеюі байқалады. Бұл жағдай жеке гигиена талаптарының сақталмауымен және үй жануарларымен байланыспен байланысты.
 
Серік Омархановтың айтуынша, өңірде санитариялық-ағарту жұмыстары мен халықты вакцинациялау шаралары жалғасуда. «Алдын алу және уақтылы иммундау аурулардың таралуына жол бермей, тұрақты эпидемиологиялық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді», – деді ол.