Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды үй-жайлардағы қолайлы микроклимат пен тиімді желдетуді қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аудартады. Бұл факторлар адамның денсаулығына, өзін жақсы сезінуіне және еңбек өнімділігіне тікелей әсер етеді.
Ғимарат ішіндегі ауаның сапасы – адамның өмір сүруі мен еңбек етуіне жайлы жағдай қалыптастырудың негізгі шарты. Микроклимат параметрлерінің (ауа температурасы, ылғалдылық, ауа қозғалысының жылдамдығы) талаптарға сай болмауы созылмалы аурулардың дамуына, иммунитеттің төмендеуіне және жұқпалы аурулардың таралу қаупінің артуына себеп болуы мүмкін.
Ауа алмасуының жеткіліксіздігі көмірқышқыл газының, шаң-тозаңның, микроорганизмдердің және тұрмыстық техника мен жиһаздан бөлінетін химиялық заттардың жиналуына әкеледі. Мұндай жағдай адамның әлсіздік сезінуіне, ұйқышылдыққа, бас ауруына және аллергиялық реакцияларға себеп болуы ықтимал. Әсіресе білім беру ұйымдарында, медициналық мекемелерде және өндіріс орындарында желдету нормаларын сақтау ерекше маңызды.
Қолайлы микроклиматты сақтау үшін үй-жайларды тұрақты түрде желдету, желдету жүйелерінің тиімді жұмысын қамтамасыз ету және ауа ылғалдылығын бақылау қажет. Суық мезгілде қысқа уақытқа, бірақ жиі желдету ұсынылады, сондай-ақ жылыту құралдарының жарамдылығына назар аудару керек. Ал жылы мезгілде ауаның шамадан тыс қызуына жол бермей, таза ауаның кіруін қамтамасыз ету маңызды.
Дұрыс микроклиматтың сақталуы аурушаңдықтың төмендеуіне, көңіл-күй мен еңбек қабілетінің артуына ықпал етеді.
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға желдету жүйелерін жүйелі түрде тазалап тұруды, үй-жайларды күніне кемінде екі рет желдетуді және ауаның температурасы мен ылғалдылығын тұрмыстық аспаптар арқылы бақылап отыруды ұсынады.
Таза ауа – мықты иммунитет пен отбасыңыздың амандығының кепілі.