Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды денсаулық пен дұрыс тамақтанудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын сапалы бөтелкедегі суды таңдауға шақырады.
Су – Жер бетіндегі барлық тіршіліктің қайнар көзі әрі адам денсаулығының негізі. Адам күніне орта есеппен 2–2,5 литр сұйықтық тұтынады, ал оның сапасы ағзаның барлық жүйелерінің дұрыс жұмыс істеуіне тікелей әсер етеді. Мамандар күнді жылы сумен бастауға кеңес береді. Бұл зат алмасуды жақсартып, ас қорыту жүйесіне оң әсерін тигізеді.
Бөтелкедегі су құрамы жағынан құбыр суына қарағанда анағұрлым қауіпсіз. Ол ішуге де, тағам дайындауға да жарамды. Мұндай судың бірнеше түрі бар: ас суы, емдік-ас суы және емдік су. Ас суы күнделікті пайдалануға қолайлы болса, емдік және емдік-ас суларының шипалық қасиеттері айқын болғандықтан, оларды дәрігердің кеңесімен қолдану ұсынылады.
Бөтелкедегі суды тұрақты тұтыну ас қорыту мүшелерінің жұмысын жақсартып, зат алмасуды қалыпқа келтіреді, артық салмақтан арылуға көмектеседі, ұйқыбездің қызметін жақсартады және іш қату кезінде тиімді әсер береді.
Ас суының құрамындағы минералды заттар сүйекті нығайтып, несеп айдаушы және жүйке мен жүрек-қан тамыр жүйесіне пайдалы әсер етеді. Сондай-ақ қандағы қант пен гемоглобин деңгейін реттеуге ықпал етеді.
Сатылымға шығарылар алдында бөтелкедегі су Кеден одағының техникалық регламенті ТР ТС 044/2017 «Табиғи минералды суды қоса алғанда, қапталған ауыз судың қауіпсіздігі туралы» талаптарына сай тексеруден өтеді.
Департамент тұрғындарға суды тек ірі сауда орындарынан немесе сенімді өндірушілерден сатып алуды ұсынады. Әр бөтелкенің жапсырмасында судың алынған көзі (құбыр суы немесе ұңғыма нөмірі), өндірушінің мекенжайы, химиялық құрамы және тіркеу деректері көрсетілуі тиіс.
Денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың амандығы үшін қауіпсіз, сапалы бөтелкедегі суды таңдаңыз.