Күкіртті сутекпен улану

Күкіртті сутекпен улану
Күкіртті сутекпен улану — бұл ауамен бірге жоғары концентрациядағы улы газды жұтқанда пайда болатын жедел ингаляциялық интоксикация.
 
Уланудың белгілері әсер ету деңгейіне байланысты әртүрлі болып келеді. Негізгі симптомдарға көзден жас ағу, бас ауруы, көздің ауыруы, кеуде тұсының қысылуы мен жүрек айну жатады. Сондай-ақ адамның мазасыздануы мен жеңіл психомоторлық қозуы байқалуы мүмкін, бұл өз кезегінде ауырсыну мен қорқыныш сезімінен туындайды.
 
Жаз мезгілінде, ауа температурасы жоғарылаған кезде, күкіртті сутектің ұшқыштығы мен белсенділігі арта түсетіндіктен, улану қаупі де жоғарылайды. Күкіртті сутекпен улану көбіне кәріз құдықтарында, шахталарда, ойпаң жерлер мен жертөлелерде, газдың өзіне тән жағымсыз иісі бар орындарда кездеседі.
 
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 тамыздағы № ҚР ДСМ-70 бұйрығымен бекітілген гигиеналық нормативтерге сәйкес, елді мекендер мен өнеркәсіптік аймақтар ауасындағы күкіртті сутектің шекті рұқсат етілген концентрациясы — 0,008 мг/м³.
 
Күкіртті сутекпен улану себептеріне қарай (кәсіби, тұрмыстық), өту сипатына қарай (жедел, созылмалы) және асқыну дәрежесіне қарай (асқынған, асқынбаған) болып бөлінеді. Сондай-ақ уланудың ауырлық дәрежесіне байланысты жеңіл, орташа және ауыр түрлері ажыратылады.
 
Мұндай уланулардың алдын алу үшін еңбек қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау және күкіртті сутектің жұмыс аймағы мен санитариялық-қорғау аймағындағы ауада шоғырлануын тұрақты бақылап отыру қажет.
 
Профилактиканың негізгі шараларының бірі — коммуналдық қызметкерлер мен қауіпті аймақтарда жұмыс істейтін тұлғаларды жеткілікті мөлшерде жеке қорғаныс құралдарымен (респираторлармен, противогаздармен) қамтамасыз ету. Қорғаныс құралдары ықтимал қауіп деңгейі мен улы заттардың бөліну көлеміне сай таңдалуы тиіс.
 
Ең бастысы — жеке қорғаныс құралдары әр қызметкердің қолжетімді жерінде, қажет болған жағдайда белдікке бекітілген күйде болуы керек. Бұл төтенше жағдай туындаған сәтте оларды дер кезінде пайдалануға мүмкіндік береді.