Жаз мезгілінде тамақтан улану мен жедел ішек инфекцияларының пайда болу және таралу қаупі артады. Ауа райының жылы болуы тағам өнімдерінде, әсіресе сақтау, дайындау және тасымалдау талаптары бұзылған жағдайда, микроағзалардың белсенді көбеюіне ықпал етеді. Осыған байланысты санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің басым бағыттарының бірі - аймақтағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуінің алдын алу және профилактика болып табылады.
Осы мақсатта және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту шеңберінде Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде «Тамақтан уланудың алдын алу» тақырыбында бірлескен семинар өткізілді. Іс-шараға өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының және оның филиалдарының, Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының, Ұлттық сараптама орталығы филиалының, сондай-ақ қоғамдық тамақтану объектілерінің өкілдері қатысты.
Республика бойынша және Ақмола облысындағы жаппай тамақтан улану жағдайларының эпидемиологиялық ахуалы туралы ақпаратпен Департамент басшысының орынбасары Қанат Искаков баяндама жасады. Ол өз сөзінде алдын алу шаралары қабылданып жатқанына қарамастан, жыл сайын сапасыз немесе қауіпсіз емес тағамдарды тұтынумен байланысты жұқпалы аурулар тіркеліп отыратынын, бұл әсіресе жаз мезгілінде жиілейтінін атап өтті.
Тамақтан уланудың алдын алу мәселелері, сондай-ақ тағам өнімдерін өндіру, буып-түю, тасымалдау, сақтау, өткізу және жою талаптары туралы негізгі баяндаманы Аршалы аудандық басқармасының бас маманы Айгүл Шәріпова ұсынды. Ол өз сөзінде азық-түлік тізбегінің барлық кезеңдерінде - өндірістен бастап тұтынушыға дейін - санитариялық нормаларды қатаң сақтау маңызды екенін ерекше атап өтті.
Семинар аясында қоғамдық тамақтану объектілерінде өндірістік бақылауды ұйымдастыру және өткізу мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Өндірістік бақылау аясында жүргізілетін зертханалық зерттеулердің ерекшеліктері талқыланды. Жұқпалы аурулардың өршуінің алдын алу және ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік беретін микробиологиялық және санитариялық-химиялық талдауларды тұрақты түрде жүргізудің маңыздылығы атап өтілді.