Алқа отырысын облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Серік Омарханов ашты. Ол кіріспе сөзінде қорытынды шығару тек қол жеткізілген нәтижелерді бағалау ғана емес, сонымен қатар жылдың қалған бөлігіне арналған басым міндеттерді айқындау екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаз мезгілі эпидемиологиялық жүктеменің артуымен сипатталады: инфекциялық қауіптер көбейеді, профилактикалық және санитариялық мониторинг көлемі артады.
Отырыс барысында ең өзекті мәселелер қаралды. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға ерекше назар аударылды. Лагерьлер жұмысына жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықталған проблемалық мәселелер мен сауықтыру мекемелерінде санитариялық нормалардың бұзылуын болдырмауға бағытталған шаралар талқыланды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе - аса қауіпті инфекциялар, соның ішінде күйдіргі бойынша эпидемиологиялық жағдай болды. Инфекциялардың таралуын болдырмауға бағытталған профилактикалық және қарсыэпидемиялық іс-шаралар қаралды. Күйдіргіге қарсы егілетін контингентті вакцинациялау деңгейі - екпе жүргізу науқанының уақтылығы мен толықтығына ерекше назар аударылып талқыланды.
Сонымен қатар, облыс тұрғындары арасында жедел ішек инфекциялары мен сальмонеллездің таралу жағдайы талданды. Санитариялық қадағалауды күшейтуге, алдын алу шараларын жүзеге асыруға және халықты жеке гигиена ережелері мен қауіпсіз тамақтану туралы ақпараттандыруға бағытталған іс-шаралар атап өтілді.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар қабылданып, аумақтық бөлімшелерге тапсырмалар берілді. Олар профилактикалық іс-шараларды күшейтуге, эпидемиологиялық қадағалау тиімділігін арттыруға және ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.