Егу дегеніміз не және ол неге балаңыз үшін маңызды?

Егу дегеніміз не және ол неге балаңыз үшін маңызды?
Егу - бұл балаңызды қауіпті жұқпалы аурулардан қорғаудың ең сенімді тәсілдерінің бірі. Вакцинаның көмегімен баланың ағзасы вирустар мен бактерияларды алдын ала танып, олармен күресуді үйренеді. Бұл - иммундық жүйенің өзіндік жаттығуы: вакцина ауыр сырқатқа шалдығу қаупінсіз-ақ иммунитет қалыптастыруға көмектеседі.
Егулер сәби кезінен бастап арнайы күнтізбе бойынша жүргізіледі. Бұл күнтізбе баланың жас ерекшеліктері мен жұқтыру қаупі жоғары кезеңдерді ескере отырып жасалған. Себебі бала кезінде иммундық жүйе әлі толық қалыптаспаған, сондықтан балалар жұқпалы ауруларға аса бейім келеді.
Уақытылы жасалған екпелер көптеген ауыр асқынулардың, ұзақ мерзімді денсаулық мәселелерінің алдын алуға, ал кей жағдайларда - баланың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, егер балалардың басым бөлігі егілсе, вирустар балабақша мен мектеп сияқты балалар ұжымында кең тарала алмайды. Бұл сіздің балаңызды ғана емес, сондай-ақ медициналық себептерге байланысты екпе ала алмайтын басқа балаларды да қорғайды. Осылайша, вакцинация - тек өз балаңызға ғана емес, бүкіл қоғамға деген қамқорлықтың көрінісі.
Кейбір ата-аналар екпенің қауіпсіздігіне алаңдайды. Алайда қазіргі заманауи вакциналар бірнеше сатылы зерттеулерден, тексерулерден және сынақтардан өтеді. Егер жанама әсерлер байқалса, олар, әдетте, жеңіл және қысқа мерзімді болады - мысалы, аздаған қызу немесе екпе салынған жердегі ауырсыну. Бұл - ағзаның қалыпты жауабы, иммундық қорғаныстың қалыптасып жатқанын білдіреді.
Вакцинация тек алдын алу шарасы ретінде ғана емес, кейбір жағдайларда емдік мақсатта да қолданылады. Мысалы, егер бала құтыру немесе сіреспе вирусымен байланысқа түскен болса, аурудың дамуын болдырмау үшін арнайы вакциналар енгізіледі.
Бала денсаулығына қамқорлық жасау қарапайым, бірақ өте маңызды шешімдерден басталады. Сол шешімдердің бірі - вакцинация. Ол бүгін балаңызды қорғауға көмектесіп қана қоймай, оның болашағын да сау әрі қауіпсіз етуге ықпал етеді.