Кремді-кондитерлік өнімдер жоғары тағамдық құндылығымен және ылғалдылығының көптігімен ерекшеленеді, бұл оларды өндіріс, сақтау және сату жағдайларына өте сезімтал етеді. Санитариялық нормалардың кез келген кезеңде сақталмауы патогенді микроорганизмдердің тез көбеюіне, соның салдарынан халық денсаулығына елеулі қауіп төнуіне әкелуі мүмкін.
Мұндай өнімдердің қауіпсіздігі сапалы әрі қауіпсіз шикізатты таңдаудан басталады. Өндіріс барысында бүліну белгілері бар, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен немесе шығу тегі күмәнді өнімдерді пайдалануға қатаң тыйым салынады. Ерекше назар сүт өнімдеріне, жұмыртқаға, майға, жемістер мен жаңғақтарға аударылуы тиіс – барлық ингредиенттер санитариялық-гигиеналық талаптарға сай болуы қажет.
Дайын өнімдер тек тоңазытқыш жағдайында, +6 °C-тан жоғары емес температурада сақталуға тиіс. Температуралық режимнің сақталмауы ішек инфекцияларын тудыратын бактериялардың белсенді өсуіне ықпал етеді. Кремді-кондитерлік өнімдердің сақтау мерзімі, құрамына және дайындалу технологиясына байланысты, 24-тен 72 сағатқа дейін. Белгіленген сақтау мерзімінен асып кеткен өнімдерді сатуға рұқсат етілмейді.
Өнімдерді орау және таңбалау да қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Әрбір өнім немесе өнім партиясы келесі шынайы ақпаратпен қоса жүруі тиіс: дайындалған күні мен уақыты, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, құрамы, сондай-ақ болуы мүмкін аллергендер туралы ескерту. Бұл мәліметтердің болмауы немесе бұрмалануы заңнаманы бұзу болып табылады және тұтынушылар денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ескертеді: кремді-кондитерлік өнімдерді өндіру және сату кезінде санитарлық талаптардың сақталмауы ауыр салдарға - тағамнан уланудан бастап, жаппай жұқпалы ауруларға дейін - алып келуі мүмкін. Барлық өндірушілерді, сауда ұйымдарын және қоғамдық тамақтану орындарын санитариялық нормаларды қатаң сақтауға шақырамыз. Тұтынушылардан бұл өнімдерді сатып алу және тұтыну кезінде мұқият болуды сұраймыз.